12 қар, 2021 сағат 16:50

Батыс Қазақстанда Pfizer вакцинасымен егілетіндердің тізімі жасалды


Батыс Қазақстан облысында Pfizer вакцинасымен егілетіндердің тізімі жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, аталған вакцина өңірге жеткізіліп, қоймаға түскеннен кейін тиісті жұмыстар жасалатын болады. 

Жоспар бойынша Pfizer вакцинасымен бірінші кезекте жүкті әйелдер мен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдер егіледі. Балаларды вакцинациялау тек ата-ананың таңдауы бойынша ерікті түрде жүргізіледі.

А.Қалибековтің айтуынша, күні бүгінге дейін облыста 242 752 адам вакцинаның бірінші компонентімен егілді. Бұл – егілуге тиісті тұрғындардың 58,6 пайызы. Соның ішінде 174 708-і «Спутник V», 15 039-ы QazVac, 24 974-і Hayat-Vax, 7 718-і Corona-Vac, 20 313-і Vero Cell вакцинасын қабылдады. 

Сондай-ақ 222 344 адам екінші компонентті алды.

«Облыста қолданылған карантиндік шектеу шаралары мен вакцинация жақсы нәтиже беріп, коронавирус жұқтыру көрсеткішінің азайып, өңірдің жасыл аймаққа енуіне септігін тигізді», деді А.Қалибеков.

Оның сөзіне қарағанда, пандемия басталғаннан бері індет жұқтырған 39 323 науқастың 90 пайызы (35 521) жазылып шықты. Барлығы 826, биыл 657 адам инфекциядан көз жұмды.

Қазіргі кезде облыс бойынша 405 адам амбулаторлық ем алуда. Оған қоса инфекциялық стационарларда жатқан 136 науқастың 11-і ауыр халде. Аса ауыр халдегілер жоқ. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 8 пациент қосылған.