14 қыр, 2020 сағат 11:26

Батыс Қазақстанда оқушылардың тең жартысына жуығы қашықтан білім алуда

Батыс Қазақстан облысында 111 282 оқушысы бар 380 мемлекеттік мектеп жұмыс істеуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде штаттық режимдегі 248 мектепте жалпы оқушылар санының 21,7 пайызы (24 229 шәкірт) қамтылған. 

Өңірде 132 мектепте оқыту қашықтан ұйымдастырылып, бұларда оқушылардың 48,7 пайызы (54 303) білім алуда.

- Ата-аналардың немесе балалардың заңды өкілдерінің өтінішімен балалар саны 15-тен аспайтын кезекші сыныптардың жұмыс жасауына рұқсат етілді. Облыста бастауыш сынып оқушыларының 67,8 пайызы (32 750), мектепалды даярлық сыныптарының 53,3 пайызы (4 286) кезекші сыныптармен қамтылды. Барлық штаттық режимдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда, - деді Айгүл Әділгерейқызы.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, қашықтан оқитын 37 311 (65 пайыз) шәкірттің үйінде дербес компьютерлік құрылғысы бар. Қалғандары қайтарымды негізде мектептер балансындағы компьютермен қамтылуда. Күні бүгін оларға 9112 компьютерлік құрылғы берілді.

ҚР Үкіметі резервінен 14970 компьютерлік құрылғыны (компьютерлер – 1558, ноутбуктер – 11394, планшеттер – 2018) сатып алуға қаражат бөлініп, бір бөлігі, атап айтқанда, 735 планшет 8 қыркүйек күні жеткізіліп, Жаңақала, Сырым аудандарына және Орал қаласына үлестірілді. 

Компьютерлері жоқ қалған оқушылар Үкімет резервінен сатып алынатын компьютерлер есебінен қамтылады.Бұл компьютерлер облысқа 1 қазанға дейін жеткізіледі. 

Сондай-ақ облыс бойынша қашықтан оқитын интернеті жоқ 3947 отбасыға 3547 құрылғы таратылды, қосымша 400 құрылғы сатып алынады. Интернеті жоқ оқушылар мобилді қосымшаларын пайдалануда. Биылғы ұялы байланыс операторлары қашықтан оқыту кезінде оқушыларға мүмкіндік жасау үшін арзандатылған «Білім» тарифын ұсынды. Облыс бойынша бұл тарифпен білім беру ұйымдары арқылы 2 мыңға жуық оқушы қамтылды. 

Білім алушылардың жетістігін бақылау электрондық «Kundelik.kz» журналында жүргізіледі. Электрондық журнал болмаған жағдайда – қағаз журналда. 

Қашықтан оқыту кезінде «үй тапсырмасы» түсінігі өзгеріп, оқу тапсырмалары ғана қалды.

Оқу процесін қашықтық форматында ұйымдастыру үшін әр мектеп өз бетінше мұғалімдердің негізгі сұраныстарына сәйкес келетін интернет-платформаны таңдады. Облыс мектептері Bilimland, Edupage,Дарын онлайн білім платформаларына қосылды. 

Білім беру платформасын ұсынып отырған компанияның статистикасына сәйкес бір күнде бейнеконференция арқылы өткізілген сабақ саны 14 400 болып отыр. 

Қашықтан оқыту кезінде бұл платформаларды пайдалану кезінде барлық сақтық шараларын сақтау қажет. Яғни, әр адам өзінің жеке кіру логин паролдарын құпия ұстау, киберсақтық шараларын сақтау керек. Оқушыларға логин, парольдерін өзге адамдарға таратпау жөнінде алдын ала нұсқаулықтар берілді.

Әрине, қашықтан оқитын оқушыларға ата-аналар тарапынан алғашқы кезде оқу орнын дайындау, үйде қолайлы жағдай жасаудан бастап үлкен қолдау керек.

«Жаңа оқу жылында ата-аналар, оқушылар арасында туындайтын сұрақтарға жедел жауап беру үшін облыстық білім басқармасының call-орталығы 1301, 87471127407 телефондары тұрақты жұмыс істейді. Сall-орталығына 2020 жылдың басынан бастап күні бүгінге дейін 78 және жаңа оқу жылы басталған кезден 7(3 жасырын) телефон қоңырауы түсті. Жалақы мәселесі, еңбек демалысы, мұғалімдердің санаты, оқу үрдісін, мерекелік шараларды ұйымдастыру, балабақшаға ақы төлеу, компьютермен қамтамасыз ету, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша сауалдар болды. Түскен сұрақтарға заң аясында және уақтылы жауап беріліп, мәселелер шешілді. Сонымен қатар барлық аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің де call-орталықтары да жұмыс жасауда. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас санитарлық дәрігердің ұйғарымы негізінде ғана мектептердің оқу форматын өзгерту туралы шешімдер қабылданады», деді А.Мыңбаева.