24 там, 2020 сағат 11:45

Батыс Қазақстанда екі күнде 50 тоннаға жуық пішен өртеніп кетті

Батыс Қазақстан облысында екі күнде 50 тоннаға жуық пішен өртеніп кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 23 тамыз күні сағат 16.29-да Сырым ауданы Қоңыр ауылында А.Құнанбаев көшесі 4-мекенжайында 120 шаршы метр қора-қопсы отқа оранды.

Оған қоса 10 тонна пішен жанып кетті. «Тілсіз жау» сағат 22.00-де ауыздықталды.

Сондай-ақ кеше сағат 17.58-де Бәйтерек ауданы Переметный ауылында Приречная көшесі 47-мекенжайында 7 тонна пішен жанды. Өрт 22.01-де сөндірілді.

Бүгін сағат 05.17-де Теректі ауданы Федоров ауылы Юбилейная көшесі 8-мекенжайында қора-қопсы өртеніп, үюлі тұрған 30 тонна шөп күлге айналды. Өрт 07.05-те жойылды.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.