25 там, 2021 сағат 14:03

Батыс Қазақстанда дала өрті үш күннен кейін сөндірілді


Батыс Қазақстан облысында дала өрті үш күннен кейін сөндірілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 22 тамыз күні Ақжайық ауданы Бударин ауылынан 3 шақырым жерде өрт шыққан еді.

Оның аумағы шамамен 265 гектарды қамтыса, соның 249 гектарында құрғақ шөп, 16 гектарында орман алқабы отқа оранды. Кеше өрт сөндірушілерге көмекке «Қазавиақұтқарудың» МИ-8 тікұшағы Атыраудан келіп жетті. Өрт әлі толықтай жойылған жоқ, жеке құрамнан 61 адам 11 техникамен сол жерде қалып, бақылауда.

24 тамыз күні сағат 12.42-де Бәйтерек ауданы Щапов ауылдық округіне қарасты Үлкен Шаған ауылы маңында 100 гектар дала өрті тіркелді, соның тең жартысы орман алқабына жатады. 

«Тілсіз жау» ТЖ департаменті (21 қызметкер, 6 техника), «Өрт сөндіруші» (7 қызметкер, 2 техника), ерікті өрт сөндіру жасағы (16 адам, 4 техника) күшімен бүгін сағат 03.20-да ауыздықталды.


Мұнда МИ-8 ұшағы әуеден бес рет су шашты. 

Өрт сөндірілгенімен, күн жел болғандықтан, жеке құрам мен тікұшақ сол жерден әлі кеткен жоқ. 

Батыс Қазақстанда күн өте ыстық болғандықтан, төтенше өрт қаупі сейілмей тұр.