21 сәу, 2024 сағат 13:56

Жайық өзеніндегі тасқынның екінші толқыны ерекше бақылауда – ТЖМ


Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы Жайық өзеніндегі тасқынның екінші толқыны ерекше бақылауда, деп мәлімдеді төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) өкілі Асқар Шәріп. 

Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингтегі сөзінде Асқар Шәріп өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар, азаматтарды құлақтандыру, су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтеді.

"Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына Жайық өзені арқылы  Ресей Федерациясы жағынан туындайтын су тасқынының екінші толқыны ерекше бақылауда қалуда. Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында 81 523 қапшық және 2 770 тонна инертті материал төселді, бөгеттердің іргесін көтеру және нығайту жұмыстары жалғасуда", – дейді ТЖМ өкілі.


Оның сөзінше, Атырау облысында 824 мың қапшық және 2 700 тонна инертті материал төселді, 4 424 км бөгет тұрғызылды, бөгеттердің іргесін нығайту жұмыстары жалғасуда.

Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізіледі.

"Осы сағатта 22 734 адам өз үйлеріне оралды. 8 809 адам, оның ішінде 3 828 бала эвакуациялау пункттерінде. 4 536 тұрғын үй мен 2 767 аула аумағынан судың бағыты бұрылды. 11,2 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 4,6 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді", – деп жалғады Шәріп.


Жедел желі телефонына 2 114 қоңырау түскен.

"Ақмола, Ақтөбе, Атырау,  Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында үйлер мен аумақтардан су сору жұмыстары жалғасуда. Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 36 484 адам,  5 083 техника, 888 су сору құралы, 381 жүзу құралы, 16 әуе кемесі жұмылдырылды", – деп мәлімдеді Асқар Шәріп.