08 сәу, 2022 сағат 20:05

«Батыл тойтарыс-2022» оқу-жаттығуы қалай өтті?



«Батыл тойтарыс-2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық оқу-жаттығу шеңберінде Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы бөлімдері әскери қызметшілері шекарашылармен бірлесіп мемлекеттік шекараны күзету міндеттерін орындады, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған оқу-жаттығудың басталғаны жайлы дабыл алған Оңтүстік өңірдің мемлекеттік шекара әскерлеріне жақын орналасқан бірқатар әскери бөлімшелер жедел түрде шекараға жетіп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша Шекара қызметі қолбасшылығын уақытша бағынысына келіп түскені туралы Қорғаныс министрілігінің арнайы арнасында хабарланды.

«Қазіргі таңда біздер мемлекеттік шекара Қорғаныс министрлігінің бірінші атқыштар ротасымен бірлесе отырып, мемлекеттік шекараны күзету сұрақтарын атқарып жатырмыз. Оның бәрі стратегиялық оқу-жаттығу Батыл тойтарыс-2022 жылғы өткізіліп жатқан жаттығудың аясында жүргізілуде.

Оңтүстік өңірлік атқыштар бөлімінде бөлімшілердің әскери қызметшілері Қазақстанның мемлекеттік шекарасы қызмет көрсете отырып, нағыз шекарашы болып көрді», – дейді подполковник Бақытжан Айсағалиев.

Шекара қызметінің әскери қызметшілері Қарулы күштердегі әріптестерімен шекарадағы қызмет ету тәжірибесін және жинақтаған білімін бөлісті. Оларға наряд пен тосқауыл бекеттерінде күндізгі және түнгі қызметтердің ерекшеліктері жайлы айтып берді.

«Маған мұнда өте қызықты және де ыңғайлы. Менің өзімнің өткізген сабақтарымнан және де басқа да мағұлматтар, мәліметтер жинадым. Екеуін де салыстырсақ, мына жақта да қиын екен сабақтары, күндізгі патруль, түнгі патруль. Әрине, өзімдікі жақсырақ», – дейді әскери борышын өтеуші Бекасыл Телемесов.

Сондай-ақ шекарадағы қызметті атқаруда жасырын шекара нарядтарын қою кезінде қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру мен сақтау мәселесі пысықталды. Бөлімше командирлері арасында өзара іс-қимылмен байланысты ұйымдастыру мәселесі де шешілді.

«Осы жаттығудың шеңберінде Қорғаныс министрлігі бөлімшелері мен мемлекеттік шекараны бірлесе күзету сұрақтары және мемлекеттік шекарада өз-өзін ұстау және қауіпсіздік шараларын сақтау сұрақтары жүзеге асырылды.

Мотоатқыштар батальонында борышын өтеп жүрген сарбаздардың шекарадағы жаттығуларға қатысуы әскери қызметтің басқа қыры туралы біліп қана қоймай, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді. Жігіттердің өздері де атқаратын қызметтердің сан түрлі болғанын мақтан ететінін жасырмады. Қанша дегенмен олар шекара аймағында болып, ондағы іс-қимылға қатысты», – дейді подполковник Бақытжан Айсағалиев.

Ал шекара қызметінде кинолог болып жүрген қатардағы жауынгер Айдар Алдахер бірлескен шаралар сарбаздардың кәсіби деңгейін арттырып, ой-өрісін кеңейтетінін жеткізді.

«Қызмет барысында бір-бірімізден алған тәжірибелер мен білімдер өте көп. Біз қызмет барысы мемлекеттік шекара бұзу белгілері байқалған жоқ. Мемлекеттік шекара бұзушылар анықталған жоқ. Біз өз Отанымыздың, өз халқымыздың, Қазақстан Республикасының берік қалқанымыз», – дейді жауынгер Айдар Алдахер.

«Батыл тойтарыс» оқу-жаттығу шеңберінде орындалатын шаралар Мемлекеттік басшысының Күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және техникалық үйлесімділігін жолға қою сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларды толық деңгейде орындауға ықпал етері анық.

Естеріңізге сала кетейік, «Батыл тойтарыс-2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық оқу-жаттығу шеңберінде Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы бөлімдері әскери қызметшілері шекарашылармен бірлесім мемлекеттік шекараны күзету міндеттерін орындады. Аталған оқу-жаттығудың басталғаны жайлы дабыл алған Оңтүстік өңірдің мемлекеттік шекара әскерлеріне жақын орналасқан бірқатар әскери бөлімшелер жедел түрде шекараға жетіп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысы бойынша Шекара қызметі қолбасшылығын уақытша бағынысына келіп түскен.