17 қар, 2016 сағат 13:14

Баспаналы болу бақыты

Облыс орталығындағы «Сарыарқа» шағын ауданында тағы бір жаңа үй бой көтерді. Бұл жолы жаңа пәтерлерге 132 отбасы ие болды. Жарқырған пәтердің  кілттерін тапсырған облыс әкімі Болат Бақауов үйлердің құрылысы аяқталғанына тұрғындардың өздерінен бетер қуанғанын айтты.

Өйткені, «Аллюминстрой» ша­ғын ауданының бұрынғы тұр­ғындары қалада 50-ші жылда­ры салынған екі қабатты  әб­ден тозығы жеткен, апатты үйлерде тұрып, мазалары кеткен еді. Солтүстіктің суық қысы бас­талды. Талай  жылдан бері бұл жерге жаңа үй тұрғызу мәселесі де жиі айтылып жүрді. Содан, осыдан үш-төрт жыл бұрын ескі үйлердің орнына «Сарыарқа» атты жаңа тұрғын үй кешенінің жобасы жасалды. Бұл мақсатты істі Үкімет те қолдады. Қазір  тұрғын үй кешені құрылысы «2020 жыл­­ға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша қар­қынды түрде жүргізілуде. Не­гі­зі бұл бастама қазіргі Үкі­мет басшысы Бақытжан Са­ғын­­таев облыста әкім болып тұр­­ған кезде қолға алынғаны бел­гілі. Аспанмен таласа бой кө­те­ретін биік үйлердің жобалау жұмыстарын жүргізуге, ин­же­нерлік-коммуникациялық же­лілер тартуға қаржы да бөлінді. Сөйтіп, қазір 160-қа жуық ескі, екі қабатты үйлер бұзылып, орнына жаңа тұрғын үйлер салына бастады. Біздің бүгін жазып оты­рғанымыз да «Сарыарқа» ша­ғын ауданындағы Ломов кө­шесі 156/2 мекенжайында тұр­ғызылған 3-ші 12 қабатты биік үйдің пайдалануға берілгені жай­ында. Бірінші қабатында күз­де облысқа жасаған сапары кезінде Елбасы өзі көріп та­ны­сып шыққан  «Балаларға ар­налған техникалық мектеп» ор­наласқан.

–  Қуанышымды сөзбен жет­кі­зу мүмкін емес. Тіпті, күннің суы­ғы да бізге білінбейді қа­зір. Осы ескі, құлайын деп тұр­ған  үйде 30 жыл бойы тұр­дық. Армандаған жаңа пәтер ал­дық, үйлер қандай биік, – дей­ді Жангелді Ешімов деген тұрғын.

– Жангелді айтқандай, біз де­ ескі үйде 2 бөлмелі пә­тер­де­ 17 жыл тұрдық. Тозған, әб­­­­­ден мазамыз кетті. Тіпті, қор­­­қа­тынбыз, құлап кете ме деп.­ Ен­ді,  міне, жаңа үйден пә­­тер алдық. Тәу­ел­сіздіктің 25 ­жылдығы, Ел болдық деген осы­.  Рахмет, Үкі­мет­ке, Ел­ба­сына! деді зейнеткер Хауа  Күз­енбаева апамыз.

Айтса айтқандай-ақ, бұл  ескі үйлерде барлық қиын жағ­дайларға шыдап, талай жыл­дар тұрып келген 1272 отба­сының бәрі де  пәтерлерге ие болады деген сөз. Тұрғындарға бе­рі­летін баспананың аумағы ес­кі пәтерлердің көлеміне сәй­кес болатыны ескертілген. Құ­рылыс басталардан бұрын, тұр­ғындар уақытша басқа жерлер­ге көшірілген-ді. Жақсы іс жалғасын тауып жұртты қуа­ны­ш­қа бөлеуде.

Қала әкімі Нұржан Әшім­бе­товтің айтуынша, бұл ау­дан­дағы қалған ескі үйлер де алдағы уақытта сүріліп, со­дан соң  жаңа үйлер бой кө­те­реді. Сонымен бірге,  «Нұр­лы жер» бағдарламасы бой­ын­ша жергілікті әкімдік бос жер телімдерін үй салушы ком­­панияларға бере алады. Би­ыл жазда «Сарыарқа» тұр­ғын үй кешенінің алғашқы ке­зеңі пайдалануға беріліп, жа­ңа пәтер кілтін 105 отбасы ал­ды. Осыдан бір айдай ғана бұ­рын Ш.Шөкин көшесінде орна­ла­сқан тағы бір жаңа үйден 52 отбасы пәтер алды. Облыс әкімі­нің айтуынша, жалпы, өңір­дегі тұрғындардың пәтер алу­ға деген қажеттілігін азайту мақсатында алдағы жылдары өңір орталығында 22 жаңа үй салынады деп жоспарланып отыр екен. «9 үй кешені осы жылдың соңына қарай пай­далануға беріледі. Бұл – 900 отбасы жаңа пәтермен қам­та­ма­сыз етіледі деген сөз», – деді
Б. Бақауов.

Қазір «Сарыарқа» шағын ау­данында жаңа үйлердің құ­ры­лысы қарқынды жүріп жа­тыр. Жыл соңына дейін осы ауданда тағы да 4 жаңа үй тұрғындар еншісіне беріл­мек­ші. Аудандағы тұрғын үй кешен­дері құрылысы аяқ­тал­ған кезде 4 мың отбасы пә­тер­мен­ қамтамасыз етіледі.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген Валерий Бугаев