Ақтөбе облысына Бас Прокурор Жақып Асанов бастаған жұмыс тобы келген болатын. Өңірге келген мамандардың негізгі мақсаты – ел ішіндегі жағдаймен танысып, жергілікті проблемаларды шешуге көмектесу. Бұл туралы Ақтөбе жұртшылығымен кездесуде Жақып Асанов мәлімдеді, деп жазады kerek-info.kz.
Ақтөбе өңірінде бір ай уақыт жұмыс жасайтын астаналық топ Елбасының тікелей тапсырмасымен келгенін айтты.
- Екі жүзден аса маман келдік. Осында Сіздермен бірге жұмыс жасаймыз. Мақсатымыз біреулерді тексеру, кемшілік іздеу, баға беру емес. Жергілікті проблемаларды бірлесе жұмылып шешу. Жалпы жұмысымыз 7 бағыт бойынша жүргізілмек. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, шағын кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік проблемаларды шешу, діни ахуалды жақсарту, ақпараттандыру жұмысы, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады. Жеті бағыт бойынша жеті салаға қатысты вице-министрлер басқарып келді. Бар мәселені шешеміз деп айту қиын, ол мүмкін де емес. Бірақ нақты жоспарларымыз бен мақсаттарымыз бар. Кейін осы тәжірибені басқа өңірлерде де қолдансақ деген ой бар. Біз кеткен соң да жұмыс аяқсыз қалмайды деген үміттеміз. Бізді қонақ деп, күн сайын қыдыртуды ойламай-ақ қойыңыздар. Қонақ еткен адам да, қонақ болған адам да жазаланады. Біз мұнда жұмыс жасау үшін келдік,- деген Бас Прокурор халық пен шенеуніктердің бір-бірін түсінбейтінін алға тартты.
“ХАЛЫҚТЫ ОЯТА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ”
Ақтөбеге бір ай жұмыс сапарымен келген Бас Прокурор әрбір қазақстандық үшін күресу керектігін алға тартты. Қазақстанның әр тұрғыны үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалардың тиімді пайдаланылмай жатқанын мәлімдеді.
- Мемлекет көп мүмкіндік беріп жатыр. Миллиардтаған ақша, қыруар заңдар, бағдарламалар бар. Бірақ осыны қалай пайдалану керектігін халық білмейді. Неге? Өйткені, халық шенеунікті, шенеунік халықты түсінбейді. Сіресіп қалған ресми тілмен емес, халыққа кәдімгі қарапайым тілмен түсіндіру керек. Шенеуніктердің “өз” тілі бар екенін мойындаймыз. Бірақ, ол тілді қарапайым халық қайдан түсінсін? Адамдарға ақпаратты түсінікті тілмен, қарапайым түрде жеткізе білу керек,- деді Бас Прокурор Жақып Асанов.