23 ақп, 2017 сағат 09:46

Бас прокурор: Кейбір қызметкерлеріміз азаматтарды қинап, ұрып-соғып, арын аяққа таптайды

Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билігін асыра пайдаланып, азаматтарды қинап, ұрып-соғып, арын аяққа таптайды. Бұл туралы бүгін түрме реформасына арналған форумға қатысқан ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Күн тәртібінде өзекті мәселе бар. Ол – адамдарды азаптаумен күресу. Бұл адамға қарсы жасалатын ең қатыгез, ең аяусыз қылмыс. Кейбір қызметкерлеріміз қолындағы билікті асыра пайдаланып, азаматтарымызды қинайды, ұрып-соғады. Арын аяққа таптайды. Асылында, бұл – сұмдық. Ал, далада 21-ғасыр», — деді форумда Ж.Асанов. 

Бас прокурор бірнеше мысал келтірді. Қарағандыда Синявин деген азаматты азаптағаны соншалық, ол эпилепсия ұшырап, салдарынан мүгедек болып қалған. 

«Слекишинаға қатысты оқиғаны бүкіл республика біледі. БАҚ жарыса жазды. Тек осы бір Слекишинаға қатысты оқиға бүкіл құқық қорғау жүйесіне кір келтірді. Бұл тек ашылған қылмыстар. Ал қанша қылмысты біз білмейміз. Дәлелсіз кейбір қылмыстар қалып жатыр», — дейді ол. 

Оның айтуынша, азапқа ұшырағандар - өмір бір бойы билікке өкпелі. Олар билік қорғаудың орнына қорлайды деп есептейді.  «Осыдан кейін қандай бізге халық тарапынан қандай сенім болуы мүмкін. Сондықтан біз осы мәселемен айналысып жатырмыз», — деді Ж.Асанов.  Айта кетейік, түрме реформасына арналған IV форум барысында 2013-2016 жылдары атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.  «Түрмедегілердің санын азайтудың 10 қадамы» жобасы, 2017 жылда түрмедегілерді жұмыспен қамту және оларды қоғамға қайтару жобалары талқыланды. Әрі бүгін форумда «Азаптау жоқ қоғам» жаңа жобасы таныстырылып жатыр. 

«Бұл төртінші форум. Осыған дейін үш форумды өткіздік. Әрбір форумды бір мәселеге арнап келеміз. Бірінші жылы "түрмедегілерді азайтудың он шарасы" деген жобаны бастадық. Екінші жылы қамауда отырғандарды жұмыспен қамтимыз дедік. Үшінші жылы оларды босаған соң қоғамға бейімдеуді талқыладық. Осы жобалардың барлығы қазір жүзеге асып жатыр. Жалпы, біздің мемлекеттік аппаратта бастамалар көп.

Жасырмай, мойындауымыз керек: «Ананы бастап жатырмыз, ертең мынадай нәтиже болады, осындай нәтижеге жетеміз» деп ылғимақтана береміз. Бірақ кейін нәтиже болмай жатады. Бүгін ерекше күн, біз үш жарым жыл бұрын бас қосып, бір мақсатты қойдық, соған жеттік. Енді осы жобаны бүгін жабамыз. Бұл жұмысты жобалық форматтан күнделікті форматқа ауыстырамыз», — деді Ж.Асанов.