11 сәу, 2024 сағат 12:25

Бас прокуратураның сұрауы бойынша қылмыстық топ басшысы Қазақстанға жеткізілді


Фото: orda.kz


Әзербайжаннан қылмыстық топ басшысы Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Бас прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.


Бас прокуратура және Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің көмегімен ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оның қызметіне басшылық еткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Қазақстан азаматы экстрадицияланған.


"2016-2018 жылдары аралығында күдікті Қазақстанға халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелумен айналысқан, сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтарған қылмыстық топты тікелей басқарды. Осы қызмет нәтижесінде мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген", - делінген хабарламада.


Қылмыс жасағаннан кейін ол тергеуден жасырынып, халықаралық іздеу жарияланған. Кейін күдікті Әзербайжан аумағында ұсталған.


"Әзербайжан Республикасының Бас прокуратурасымен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының оны ұстап беру туралы сұрау салуы қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта ол Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.


Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысының соты осы ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысы бар 12 адамды түрлі жазаға соттаған.