05 мау, 2022 сағат 23:07

Бас прокуратураға референдум бойынша 6 адам шағымданған


Референдум кезінде еліміздің Бас прокуратурасына азаматтардан 6 өтініш түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгінгі жалпыхалықтық референдум барысын баяндайтын марафонда Бас прокуратура өкілі Азамат Серғазин саяси науқанға дайындық пен дауыс беру тыныш жағдайда өткенін айтты. 

«Осы сәтте дауыс беру нәтижесіне әсер ететін құқық бұзу фактілері болған жоқ. Әлеуметтік желілерде референдум учаскелерінде дауыс беру туралы әртүрлі хабарламалар тарап жатыр. Тексеру кезінде олардың көбі расталмады. Әлі де тексеру жүріп жатыр. Бүгін прокуратура органдарына азаматтардан 6 өтініш келіп түсті. Оның біреуі - Бас прокуратураға, екі-екіден - ШҚО мен БҚО прокуратурасына, біреуі - Ақтөбе облыстық прокуратурасына бағытталды», - деген марафон барысында Азамат Серғазин. 

Еске сала кетейік, тура кешкі 21.00-де еліміздің бүкіл өңірінде референдум учаскелерінде дауыс беру аяқталды. 

Бұған дейін еліміздің 12 өңіріндегі 8 089 және 10 шет мемлекеттегі Қазақстан елшіліктері жанынан ашылған 12 референдум учаскесінде жұмыс аяқталып, комиссия мүшелері дауыс санауға кіріскен болатын. 

Бір сағаттан соң Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы 1 858 учаскеде де өңір тұрғындары дауыс беріп болды. 

Сонымен қатар шет елдердегі 5 учаске де жұмысын тоқтатты.