Соңғы бес жылда Қазақстанға іздеуде болған 356 адам экстрадицияланған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде шет мемлекеттермен қызмыскерлерді бірлесіп ұстау бойынша 69 келісім жасалған. Соның ішінде Италия, Испания сияқты Еуропалық Одаққа мүше елдер де бар. Биылдың өзінде ғана Солтүстік Македония, Оңтүстік Корея, Болгария сияқты 5 мемлекетпен келісім жасалды. Бұл біздегі қылмыстық-құқықтық реформаларға халықаралық деңгейде сенім бар екенін көрсетеді. Осы прогресс біздің қызметімізде өз жемісін береді деп ойлаймын. Аталған келісімдердің арқасында шетелдерден 53 адам экстрадицияланды. Біз 77 шетелдікті ұстап бердік. Соңғы 5 жылда шет елдерден Қазақстан аумағында қылмыс жасағаны үшін іздеу жарияланған 356 азамат елге қайтарылды», - деген Сапарбек Нұрпейісов елге қайтарылған қылмыскерлердің бірнешеуінің атын атады.
«Мысалы Өзбекстаннан Мехтиев экстрадицияланды. Ол Ақтөбе облысында өртенген автобустың 52 жолаушысының өліміне кінәлі деп ізделген болатын. Ресейден «РБК» банкінің 172 млрд теңгесін жымқырған Ж.Ертаев қайтарылды. Германия мен Украина оның сыбайластары болған Ибрагимов пен Құсайыновты ұстап берді. Грузиядан қыздарды есірткі курьері ретінде пайдаланатын қылмыстық топ құрғаны үшін іздеу жарияланған Саламех атты адам қайтарылды», - деді Бас прокуратура өкілі.