05 жел, 2019 сағат 10:30

Бас прокуратура мен Kazakh Invest инвесторлар мәселесін бірлесіп шешеді

3 желтоқсанда Бас прокуратура мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Меморандумның басты мақсаты – инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша прокуратура органдары мен «Kazakh Invest» арасындағы бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыру.

Айта кететін жайт, инвестициялық ахуалды жақсарту - еліміздегі өзекті мәселенің бірі. Бизнесті дамыту, оның ішінде шетелдік инвесторларды қолдау Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Сондықтан прокуратура органдары кешенді жұмыс жүргізуде.

«Осы ретте прокуратура органдарының тікелей қатысуымен мемлекеттік органдарды тексеру 2 есе азайған. Бизнеске қойылатын талаптар 40% кеміген. Тексеру мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін, рұқсат беру құжаттарының саны 708 -ден 316-ға дейін қысқарды. Сондай-ақ, 23 құрам бойынша қылмыстық жаза мөлшері төмендетілді. Жалған кәсіпкерлік қылмыстық сипаттан арылды. Сондай-ақ, қылмыстық жауаптылықтың басталу шегі ұлғайтылды, СДТБТ-да тіркеу тәртібі өзгертілді» делінген хабарламада.

Атап өтетіні, аталған меморандум инвесторлардың өтінішіне жедел әрекет етуге айтарлықтай септігін тигізеді.

Бұл өз кезегінде шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға, еліміздің тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.