ҚР Бас прокуратурасы Алматы маңындағы ұшақ құлаған ғимараттардың заңдылығын тексереді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Өкінішке қарай, елімізде осындай оқиға орын алды. Президенттің тікелей тапсырмасы бар. Апат орнындағы ғимараттың қаншалықты заңды немесе заңсыз салынғанын тексереміз. Сонымен бірге, Алматы әуежайы ғана емес, барлық әуежайлар маңындағы жер телімдерінің жеке меншікке қалай берілгенін анықтаймыз», - деп жауап берді Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тілші сауалына.
Атап өтсек, қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.
Президент тапсырмасымен Премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.