16 мам, 2022 сағат 12:19

Бас прокуратура Алматы қаласы мен 5 облыстың экология департаменті басшыларын жазалады


Бас прокуратура Алматы қаласы, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облыстарының табиғатты қорғау департаменті басшыларын жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, елді мекендер маңындағы тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың заңсыз шығарылуына қатысты азаматтардың арыз-шағымдары жиілеп кеткен. Жақында табиғатты қорғау заңнамасының сақталуына аудит жүргізілді.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" ғарыштық мониторингінің мәліметі бойынша, елді мекендерде жыл сайын 9 мыңға дейін заңсыз полигон құрылған. Алматы қаласының прокурорлары Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарының аумағында 17 коммуналдық және өндірістік қалдықтар көмілген жерді анықтады, қазір үйінділер жойылды.

Жіберілген кемшіліктер үшін Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Алматы экология департаменті басшылары, сондай-ақ жауапты министрліктің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады ведомстводан.

Табиғатты қорғау инспекторлары бюджетке 12 миллиард теңге көлемінде әкімшілік айыппұл өндірді.

Прокурорлар, сонымен қатар, кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарды белгіленген орындардан тыс, кәдеге жаратпай және өңдеусіз орналастырудың 43 дерегін анықтады.