Бүгін Парламент Мәжілісі депутаты Ислам Сұңқар депутаттық сауалында «Отбасы банкіне» қатысты мәселе көтерді. Ол өз сөзінде: «Азаматтарға өз ақшаларын қарызға беру, сондай-ақ пайызбен беру, сонымен қоймай банк комиссияларын алу қаншалықты әділетті?» деген сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Салымшылардың наразылығына банктің өзі былай жауап береді. Клиент салған сома депозитте сақталады және бұл қарыз бойынша қамтамасыз ету. Осы соммаға депозит бойынша сыйақы және мемлекеттік сыйақы тағайындалады. Бұл кепіл клиентке табыс әкеледі дейді. Біз мұны қаржылық қулықтан басқа ештеңе деп санамаймыз.
Сонымен қатар, 2023 жылы қазақстандық ірі банктер арасында өз капиталының пайдасын ұлғайту бойынша дәл осы Отбасы Банкі көш бастап тұр. Өсім 87,9% – 107,5 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, бұл қарапайым салымшыларға әсер етпейді. Сондықтан екінші әділ сұрақ туындайды – кірісті кім алады? Банк немесе Қазақстан азаматтары? Біз банк клиенттердің ақшасын төмен мөлшерлемемен депозитте пайдаланып, миллиардтаған табыс табады және оны клиентке бермей өз қалауы бойынша пайдаланатынын әділетсіз деп санаймыз», -деді депутат өз сөзінде.