Фото: ҚР ТжСМ
ҚР Президентінің тапсырмасы аясында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қарағанды облысындағы Балқаш көлінің курорттық аймағына барды. Министр өңірдегі инфрақұрылым мен туризмді дамыту шараларымен танысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Туристер арасында сұранысқа ие Бертіс шығанағы, Торанғалық пен Шұбартүбек ауылдары соңғы уақытта демалушылардың ерекше назарын аударып отыр. Қарағанды – Балқаш автожолының ашылуы туристік бағытқа қолжетімділікті арттырып, көлік инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартты. Бұл өз кезегінде туристер легінің күрт өсуіне әсер етті: 5–7 шілде аралығында Балқашқа 60 мыңнан астам адам келген. Ал өткен жылы бұл аймаққа жыл бойы 140 мың турист келген еді.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, көлік жолдарының жақсаруы адамдарды саяхатқа ынталандырады. Осы себепті өңірлерді дамытуда кешенді тәсіл қолдану маңызды. Министр туризм саласындағы барлық бастамалар еліміз бойынша жүйелі түрде жүргізілуі қажет екенін айтты.
Балқаш өңірінде туристер мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін су құбыры жүйелері жаңартылып жатыр. Торанғалық пен Шұбартүбек ауылдарында магистральды су құбырының құрылысы басталды. Сонымен қатар Шұбартүбек ауылында полиция, медициналық қызмет пен төтенше жағдайлар қызметтерінің модульдік бекеттері орнатылып, су айдындарында құтқарушылар кезекшілік атқаруда.
Қонақүйлерді санаттар бойынша ресми түрде жіктеу мәселесі де өзекті болып отыр. Қапшағай мен Алакөлде кездесетін бұл жағдай Балқашта да байқалады – курорттық аймақтағы нысандардың көпшілігі «жұлдызды» мәртебеге ие емес. Бұл инфрақұрылым мен қызмет сапасына бақылау жасауды қиындатады. Қазір бұл мәселе заңнамалық тұрғыда қаралу үстінде.
Өңірлік сапарлар аяқталғаннан кейін анықталған кемшіліктерді жою мақсатында тексеру жұмыстары қайта жүргізілмек.
