21 шіл, 2021 сағат 20:20

Балқаш әуежайы мемлекеттік меншікке берілді


Балқаш әуе айлағы жергілікті әкімдіктің коммуналдық меншігіне қабылданды. Жаңа меншік иесіне беру сыйға тарту шарты бойынша жүзеге асырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Берілген нысандардың қатарында аэровокзал ғимараты, рульдеу жолы және перрон бар. Толық жаңартудан кейін әуежай үлкен ұшақтарды қабылдай алады. 

«Қазақмыс» корпорациясы сараптама қорытындысы бар жобалық-сметалық құжаттаманы ұсынды. Жоба әуежай ғимаратына, перрон мен рульдеу жолына, сондай-ақ арнайы көлік қызметі үшін үй-жай құрылысына қатысты.

Қажетті сома анықталды. 2022 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді деп жоспарлануда. Өтінімді рәсімдеу осы жылы басталады.

Толық қайта іске қосылғаннан кейін Балқашқа 1-ші және 2-ші кластағы (Boeing, Airbus және басқалары) үлкен ұшақтар келе алады. Әуе кемелері рейстерді жыл бойы және тәуліктің кез келген уақытында орындай алады. 

Жөндеу кезінде әуежай штаттық режимде жұмыс істейтін болады.