16 сәу, 2021 сағат 16:01

Балқаш ауданындағы өрт ошақтарын құтқарушылар әуеден бақылауға кірісті

Алматы облысының ТЖД Балқаш ауданындағы өртті сөндіру жалғасып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 сәуірде Желтораңғы ауылдық округіндегі дала өрті сөндірілді. Еске сала кетсейк, Желтораңғы ауылынан 25 шақырым жерде шамамен 45 гектар жерде құрғақ шөп пен қамыс өртенген болатын.

Бүгінгі жағдай бойынша 15 сәуірде басталған құрғақ шөп пен қамыстың жану ошағы Ақкөл және Жиделі ауылдық округтерінде тіркелді. Үшінші ошақ 15 сәуірде басталған Қарой ауылының маңында басталған. 

Балқаш ауданында өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД, Орман шаруашылығы, Қазавиаорманқорғау және жергілікті атқарушы органдардың 94 адамы мен 6 техникасы жұмылдырылды. Жану алаңы әлі де нақтыланып жатыр.

Тәулігіне екі рет Қазавиаорманқорғау қызметкерлері аудан аумағындағы жану ошақтарын аэровизуалды тексереді. 

10-15 сәуір аралығында қамыс пен қураған ағаштың жануы салдарынан Балқаш ауданының шаруа қожалықтары мен демалыс базалары өрттен зардап шекті. 

Қарой ауылынан 65 шақырым жерде Іле өзенінің төменгі ағысында шаруа қожалықтарының бірінің аумағында жалпы ауданы 400 шаршы метр 4 қонақ үй, балық қоймасы, 2 қайық, 1 мотор өртенді. Құрғақ шөптің жану алаңы анықталып жатыр. Өртті шаруа қожалығының қызметкерлері сөндірді. Нәтижесінде шаруа қожалығының жұмысшысы, 1959 жылы туған ер адамның беті мен қолын күйік шалған (10%). Жағдайы орташа дәрежеде, Алматы қаласының төртінші қалалық ауруханасына жатқызылды.

12-14 сәуір аралығында Желтораңғы ауылдық округінде өрттен 5 шаруа қожалығы зардап шекті. Өрттен 2 қалқа, 3 уақытша – қора, УАЗ автокөлігі жанып кетті. Сондай-ақ, 11 жылқы мен басқа да мал өртенді. Оның нақты саны нақтыланып жатыр. Сондай-ақ Қарой ауылдық округінің Жиделі ауылынан 25 шақырым жерде демалыс аймақтарының бірінің аумағында 3 моторлы қайық өртеніп кетті.

Қазір құрылған облыстық комиссия өрттің жалпы ауданы және келтірілген материалдық залалды есептеп жатыр. 

Алматы облысының ТЖД азаматтарды өрт қауіпті кезеңде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.