Қызылордада «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалының ұйымдастыруымен «Бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында «Балғындардың бақытты жүзін көру үлкен қуаныш» атты тақырыпта «Ашық есік күні» өтті.
Ашық есік күні болашақ теміржолшы болғысы келген балаларды теміржол мамандығына баулу және мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүмкіндігі шектеулі теміржолшылардың балаларының арман тілектерін тыңдап қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға көпбалалы және аз қамсыздандырылған отбасылардың және өзі де, ата-анасы да мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты.
Шарада балғындар экономиканың күре тамыры болып саналатын Қызылорда теміржолының тарихымен танысып, содан кейін «Теміржол» партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Аманкелді Арысбаевтың қабылдауында болды.
«Бала – біздің болашағымыз. Олардың жарқын да бақытты жүзін көру біз үшін үлкен қуаныш. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі балғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылатын тірлік әлі де жетерлік. Бұл бағытта «Нұр Отан» партиясы «Бақытты балалық шақ», «Кедергісіз келешек» жобаларын тиімді жүзеге асырып келеді. Оларға жасалатын әрбір көмек еш уақытта толастамайды» деді, кездесу барысында «Теміржол» партия филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты А.Арысбаев.
Қабылдау барысында филиал төрағасы мүмкіндігі шектеулі балалар және олардың ата-аналарымен ашық сөйлесіп, туындаған мәселелерін оңтайлы шешілуіне ықпал жасады.
Яғни Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының электрмонтері, 7 баланың әкесі Мералы Үмбетовтің жұбайы бүгінде даун сырқатымен дүниеге келген баласымен үйде отырғандығын және жалғыз жолдасының табысы балаларының ас-ауқатынан ауыспайтындығын айтып көмек сұраған ананың өтінішін орындап баласына қыстық киім-кешек алып берді.
Қаржылай көмек сұраған 6 баланың анасы жолаушылар вагондарын жөндеу мекемесінің жұмысшы Жанар Бижановаға 20 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.
Ашық есік күніне бұған дейін бірнеше рет көмек алған жол бөлімшесінің аула сыпырушысы Талғат Нұржановтың 20 жасар баласы Еркебұлан да келді. Ол жақында отбасын құрыпты. «Болашаққа ұмтылыс ұялатып, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін көздеген «Нұр Отан» партиясына шексіз ризамын. Маған қашанда қолдау көрсетіп, өмірге деген құштарлығымды арттырып, жігерімнің жарқырай түсуіне дем берді. Сондықтан мен бүгін арнайы алғысымды айтуға және қуанышты жаңалығыммен бөлісуге келдім», дейді ол.
Кездесу барысында Аманкелді Арысбаев Еркебұлан мен Сымбатқа естелік сыйлық табыстап, бақыт тіледі.
Ашық есік күні келген балалар мен олардың ата-аналары «Нұр Отан» партиясы ұжымына алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда қаласы