«Қазақстан» РТРК» АҚ «Balapan» телеарнасында әлемді дендеген вирус қаупі мен онымен күресу жолдарын балаға ұғынықты тілде жеткізетін «Бетперделі батыр» анимациялық жобасы жарық көрді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жалпы 20 бөлімнен тұратын мультхикая түрлі шытырман оқиғалар арқылы кішкентай көрермендерді тазалық сақтауға шақырып, карантин шараларының маңызын жеткізеді.
«Пандемия басталып, бүкіл әлем абдырап жатқан кезде «Balapan» өз алдына балаларға вирустан келетін қауіп-қатерді, одан қорғану тәсілдерін түсіндіру мақсатын қойды. Сол сәтте арнадағы мультфильм кейіпкерлерінің барлығына дерлік маска кигіздік. Тікелей эфирде коронавируспен күресудің жолдарын түсіндіретін «Сау болайық!» тележобасы эфирге шықты. Осыдан кейін барып, алдымызға супер қаһарман ойлап тапсақ деген жаңа міндет қойдық. Әлемдік тәжірибені және өз мүмкіндіктерімізді саралай келе, «Бетперделі батыр» атты жаңа қаһарманды ойлап таптық. Жас көрермендерімізге әлеуметтік жауапкершіліктің мәнін осылайша анимация арқылы түсіндіргіміз келді», - дейді «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай.
Арна басшысының айтуынша, «Бетперделі батыр» образы алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге, құтқарушылар мен тәртіп сақшыларына ұқсас ойластырылған.
Шытырман оқиғалы мультхикая «Balapan» арнасынан дүйсенбі-жұма күндері 19:20-да, ал сенбі-жексенбі күндері 21:35-те эфирге шығады. «Balapan» арнасы биылғы жылы оқу-танымдық, шытырман оқиғалы, ойын-сауықтық жанрда 27 анимациялық жоба жасап ұсынады.