28 там, 2018 сағат 12:48

Баланы көрпемен тұншықтырған тәрбиеші неге олай істегенін түсіндірді

Атышулы видеодағы көрпемен баланы тұншықтырған тәрбиеші кінәсін мойындады. Ол тергеушілерге қызды осылай ұйықтатпақ болғанын айтқан, деп хабарлайды Sputnik.

Қарағанды облысы ішкі істер департаментіндегілер тергеудің қалай жүріп жатқанын айтып берді. Видеодағы әйел Теміртаудағы балабақшалардың бірінде шын мәнінде тәрбиеші болып жұмыс істейді. Видеоны екінші тәрбиеші биыл мамыр айында түсірген екен, бірақ тек қазір ғана жариялап отыр.

"Видеодағы әйел  — балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін 50 жастағы тәрбиеші, — дейді облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров, — Ол баланы ұйықтата алмағанын, қыздың оны тыңдамай, төсектің үстінде секіргенін айтады. Сондықтан әйел баланы көрпенің астына тығып, солай біраз уақыт ұстап тұрған. Қыздың ата-анасы да табылды, олар тәрбиешінің үстінен арыз түсірді". 

Сотқа дейінгі тергеу 140-бап "Кәмелеттік жасқа толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау" бойынша жүріп жатыр. Әйелді қандай жаза күтіп тұрғаны әзірге белгісіз. 

Бұл қылмыстық бап бойынша бас бостандығынан айыру қарастырылмаған.