04 нау, 2021 сағат 12:10

Баланы еденге лақтырған: Өскеменде балабақша тәрбиешісіне іс қозғалды

Өскемен қаласындағы «Арман» балабақшасының тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 3 наурызда облыстық білім басқармасына хабарласқан ата-ана «Арман» балабақшасындағы «Еркетай» тобы тәрбиешісінің балаға қатал қарауы және тәрбиелеу жөніндегі өзіне жүктелген міндеттерін орындамауы туралы арызбен жүгінді.

«Қазіргі уақытта ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалған» делінген хабарламада.

Балабақша директоры мен тәрбиешісі ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы аясында қызметтерінен босатылды. 

Бүгін ШҚО білім басқармасының басшылығы балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналарымен кездесу өткізеді. 

«Сондай-ақ қаланың үздік психологтары балалармен жұмыс істеуге тартылатын болады. Мәселе облыс басшылығының бақылауында» делінген ақпаратта.