07 сәу, 2018 сағат 06:24

"Балалық шаққа инвестиция"


Алматы облысында білім ошақтарына инвестиция тарту қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы өңір орталығы – Талдықорған қаласында өткен «Балалық шаққа инвестиция» атты мектепке дейінгі білім берудегі инвесторлардың І облыстық форумда айтылды.

Шараны Қазақстан мектепке дейінгі білім ұйымдары қауымдастығының филиалы, Алматы облысы әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы және іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Оған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы, “Даму” қорының және жекеменшік балабақша өкілдері қатысты.

Келелі кездесу екі сессияны қамтып, бірінші сессияға облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов модераторлық етті. Осы барыста «Атамекен» ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов, Қазақстан мектепке дейінгі білім ұйымдары қауымдастығының президенті Лейла Күленова, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар баяндама оқып, өңіріміздегі жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын дамытудың мүмкіндіктерін саралады.

Өз кезегінде Талғат Доскенов жекеменшік білім беру мекемелерінің жоғары әлеуметтік жауапкершілікті арқалап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту механизмін дамытудың жолдарын ұсынды. Ал Лейла Күленова жекеменшік сектордың мемлекеттік білім беру жүйесінің баламасына айналғанына назар аударды.

Түйінді мәселенің түйіншегі тарқатылған жиында Жақсылық Омар өңірдегі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны мен сапасына айрықша тоқталды.

– Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 47-ден 1022-ге дейін өсті. Мектепалды білім берумен қамту 3,1%-дан 95,3%-ға дейін артты. Бүгінде балабақшаларға барлығы 70 мыңнан астам бүлдіршін барады. Осылайша, облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың нәтижесінде жекеменшік балабақшалар үлесі 70%-ды құрады. Соңғы бір жылда Алматы облысының жеке инвесторлары мектепке дейінгі білім беру саласына 1,7 млрд. теңге қаржы құйды, – деді Жақсылық Мұқашұлы.

Қаржы демекші, соңғы жылдары аталған салаға қомақты инвестицияның бағытталуының да өз себебі бар. Айта кетсек, 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Балапан» бағдарламасы қабылданған болатын. Осындай тиімді бағдарлама негізінде бизнес өкілдері біртіндеп білім саласына бет бұрды. Соның нәтижесінде, жекеменшік балабақшаларға арнайы қолдау көрсетіліп, оларға мемлекеттік тапсырысты орындау үшін қаражат берілді.

Ол ол ма, балабақша ашу мен оның жұмысын жеңілдету үшін 2011 жылы мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау алынып тасталды. 2014 жылдан бастап жаңа санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қабылданды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдары үшін кіріс салығы алынып тасталды. Міне, мұндай игі шаралар өңірдегі балабақшалардың көптеп ашылуына мұрындық болғаны рас.

Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары өңір орталығында балабақшалардың көптеп салынып жатқанын, бұл көрсеткіштің әзірге санмен ғана ерекшеленіп тұрғанын айта келіп, ендігі жерде бөбекжайлардың сапалық деңгейін көтеру міндеті тұрғанын да атап өтті.

Қозыбай ҚҰРМАН,

Алматы облысы