10 жел, 2016 сағат 10:38

Балалардың ойын алаңқайларын салу үшін 25 млн теңге жиналды

Constella, Damiani және LaPerla сауда маркалары ұйымдастырған қос бірдей аукционнан 25 100 000 теңге пайда түсті. 6 желтоқсанда Астанада және 8 желтоқсанда Алматыда өткен осынау шаралар «ДАРА» қорының бастамасымен жүзеге асып отыр.

Аукционда саудаға шығарылған лоттардың қатарында танымал меценаттар мен өнер жұлдыздары ұсынған картиналар да бар. Атап айтқанда, Жанна Кан, Гүлнар Мергалиева және Еркеш Шакеев өздеріне тиесілі құнды жәдігерлерін ұйымдастырушыларға тегін сыйлады. Ал, олардың сатылымынан түскен қаражатқа жаңа балалар алаңқайлары салынатын болады.

Балаларға арналған осынау арнайы алаңқайларды салу идеясы «ДАРА» қорына тиесілі. Олар көмекке мұқтаж балаларға лайықталған. Яғни, дамуында тежеуі бар сәбилердің ойнап, тіпті білім алуына дейін жағдай жасалған.

«Мұндай алаңқайлар тек пандуспен шектелмейді. Мұнда сондай-ақ, өздігімен қозғала алмайтын, көру және есту қабілеттері дамымаған балаларға да жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар, қарапайым балаларға да ойнай беруге болады. Жалпы, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін қажеттінің бәрі бар», — делінген «ДАРА» қорының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда мұндай алаңқайлар Қазақстанда жоқтың қасы. Сондықтан, денсаулығында ақауы бар балалар уақытының көбін төрт қабырғаның ішінде өткізеді. Салдарынан олар қатарынан қалып, оқшауланып қалады. Бұл өз кезегінде баланың әрі қарай дамуына үлкен кедергісін тигізетіні анық.

sn.kz