29 қар, 2016 сағат 10:57

Бақытжан Сағынтаев жыл соңына дейін АӨК дамытудың жаңа бағдарламасы бойынша әзірлік жұмыстарын аяқтауды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі отырысында Министрлер кабинетіне 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бойынша әзірлік жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Премьер-Министр бағдарлама жобасы түрлі алаңдарда, соның ішінде аймақтарда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алқасы аясында және ҚР Мәжілісінде талқыланғанын атап өтті. Сонымен қатар, Үкіметтің жыл соңына дейін оны мүдделі тараптармен тағы да талқылап, бекітуге уақыты бар.

«Айтылған ескертулер мен ұсыныстарды назарға ала отырып, бағдарлама жобасын мақұлдауды және жыл соңына дейін мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, бизнес қауымдастықтармен келісілген соң бекітуге шығаруды ұсынамын. Келесі жылы жаңа бағдарлама бойынша жұмыс істеуді бастауымыз керек», - деді Б. Сағынтаев.

Еске салсақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аграрлық секторды жедел дамыту міндеті алға қойылғаны белгілі. Осыған байланысты ҚР Үкіметі 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ні дамыту мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Соның нәтижесінде таяу 5 жылдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу экономиканы әртараптандыру мен өсімнің негізгі драйвері болуы тиіс.