ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Семей қаласының жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бақытжан Сағынтаев кездесу қатысушыларына елімізде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформалардың мәнін түсіндіріп, Үкіметтің ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.
ҚР Премьер-Министрі экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру үшін Үкімет өз жұмысын 5 маңызды басымдыққа жұмылдыратынын айтты, соның ішінде - жаппай кәсіпкерлікті дамыту, өндірістік жұмыспен қамтуды арттыру, технологиялық жаңарту және экономиканы цифрландыру, қаржылық тұрақтылықпен қамтамасыз ету және салалық бағдарламаларды іске асыру бар.
Кездесу қатысушылары өңірдің өзекті мәселелерін талқылап, ШҚО-ның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі өз ұсыныстарын айтты.
Кеңес барысында тұрғын-үй құрылысы, ауыл шаруашылығын дамыту, денсаулық сақтау саласына мемлекеттік қолдау көрсету, кәсіби-техникалық білім беруді дамыту және білім берудің үштілділік жүйесін енгізу мәселелері қозғалды.
Жалпы, қала жұртшылығы жүргізіліп жатқан Конституциялық реформа мен ҚР Президентінің Жолдауында аталған міндеттерге қолдау көрсететіндерін білдірді.
Жұртшылықпен кездесу аясында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, «Сәт транс» ЖШС директоры Нұрлан Байбеков, электр техникалық колледжінің директоры Азат Сарпеков, Семей қ. №7 мектеп-лицейінің ағылшын тілі мұғалімі Марина Устюжанинова, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Насен Сембаев пен Дүйсен Сұлтанов сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс пен қала басшылығына өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.