07 нау, 2017 сағат 14:03

Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты

Бүгін Бішкек қаласында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің ресми сайты.

Қазақстанның Үкімет басшысы өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы сауда қарым-қатынасты дамыту үшін жаңа тиімді құралдарды қалыптастырып, өзара әрекеттестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Осы саладағы басты бағыттардың бірі - кедергілер мен шектеулерді алып тастау мәселелері болып табылады. Бұл жұмысты жүйелі түрде және кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет», - деді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-Министрдің пікірінше, одақтағы өзара іс-қимыл жасасуды нығайтудағы тағы бір элемент - біздің мемлекетіміздегі өндірушілер мен кәсіпкерлеріне айырықша жағдай жасау мәселесі болып табылады.

«ЕАЭО кәсіпкерлері интеграциядан, құрылған жалпы нарықтан оң әсерлер күтуде. Сондықтан, біз кәсіпкерлік үшін «ойынның жалпы ережесі» деп аталатын ортақ реттеуді жүзеге асыруға келіскен салаларда сапалы, тиімді әрі ауырлық түсірмейтін реттеудің тәжірибесіне қол жеткізуіміз керек», - деп атап өтті Б.Сағынтаев.

ЕҮАО отырысы барысында ЕАЭО-ның интеграциялық үдерістерін ары қарай дамытуға бағытталған бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық пен ЕАЭО-ның мүше елдері арасындағы сауда-саттықты кеңейтуге, агроөнеркәсіптік кешен мен ауылшаруашылық машина жасау салаларын дамытуға баса назар аударылды.