29 нау, 2017 сағат 19:23

Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысындағы озық агротехнологиялармен танысты

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі аса ірі жылыжай кешендерінің бірінде болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

Нысанды аралау кезінде ҚР Премьер-Министрі газ-турбиналы станса жұмысымен, көкөністерді өсірудің голландиялық технологиялары қолданылатын жылыжай ғимаратымен танысты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар көрмесі Премьер назарына ұсынылды.

Голландиялық технология бойынша салынған «Грин Хаус Қазақстан» кешені өз жұмысын «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырады. Жобаның жүзеге асырылуы өз өндірісі есебінен облыстың жас көкөністерге деген қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ артық өнімді экспортқа жіберуге мүмкіндік береді.

Премьер-Министрге экспортты ұлғайту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейін арттыру, суарылатын жерлерді қалпына келтіру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында ғылымның дамуы туралы баяндалды.

Айта кету керек, АӨК-тің дамуы еліміздің жақын болашақтағы басымдықты бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осы орайда 2017 жылдан бастап Үкімет 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамытудың жаңа Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды бастады, оның басты мақсаты жиналатын өнімді арттыру және сала кәсіпорындарының қайта өңдеу, жүктелу үлесін көтеру болып табылады.