Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер басшыларының 7-ші саммитінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің тарихына тоқталып, оны дамытуда екі бастама көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еlbasy.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.
– Мерейтойлық межеге біз жақсы жетістіктермен жеттік. Біріншіден, жаһандық тұрғыда да, өз ішімізде де ұйымға сұраныс бар екенін әрі оның өзектілігін дәлелдей алдық. Екіншіден, Кеңестің қатары Өзбекстан мен Мажарстан есебінен толықты. Бұл біздің бірлескен жылнамамыздың жаңа парағы. Үшіншіден, елдеріміз салмақты институционалдық архитектура қалыптастырды. Төртіншіден, Кеңестің өңірлік және халықаралық деңгейдегі саяси және экономикалық беделі өсіп келеді. Бесіншіден, Түркі әлемі интеграциясының тұжырымдамасы қабылданды, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркі интеграциясы процесін жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, Түркі кеңесін одан әрі дамыту үшін екі ұсыныс айтты.
– Біріншіден, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу.
Бұл құжатқа түркі тілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс. Осылайша біз мемлекеттеріміз үшін сыртқы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы іс-шаралар бағдарламасына мәдениет және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект салаларын енгізу қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Түркі әлемінің бесігі» – Түркістан қаласын дамытудың маңыздылығына назар аударды.
– Екіншіден, болашақта Кеңесіміздің атауын қайта қарауды ұсынамын. Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін Ұйым деңгейіне дейін көтеруге болады деп санаймын. Осылайша, біздің құрылымды «Түркітектес мемлекеттер ұйымы» деп атауға болады., – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетсек, бүгін Әзербайжан астанасында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер басшыларының 7-ші саммиті өтті. Шараға ТМЫК елдерінің басшылары - Түркия Президенті Режеп Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Биыл Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына тура 10 жыл толып отыр. 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асқан еді.