Әзербайжанда ТМД Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы аяқталды. Тараптар 2019 жылға қорытынды жасап, 2025 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасын қарастырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан Қорғаныс министрлері және Қырғызстан Қарулы күштері Бас штабының бастығы қатысты.
Жиында 2025 жылға дейінгі радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылау мен бағалаудың біріккен жүйесін дамыту бағыттары, нормативтік және құқықтық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сондай-ақ білім беру, топографиялық салада, бірлескен іс-шараларды өткізу және ақпараттық жариялауда өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жайы да айтылды.
Қазақстан үшін ТМД форматындағы әскери ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – қорғаныс, әскери қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды қолдау және қатысушы мемлекеттердің тұрақты дамуы болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қорғаныс министрлерінің кеңесі кезекті жылға арналған бірлескен іс-шаралар кешенін бекітті, сондай-ақ оның одан әрі жұмыс істеуінің қаржылық аспектілерін және әуе-ғарыш қорғанысы міндеттерін шешуге бейімделуді келісті.
Бағдарлама аясында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысушыларды қабылдады. Сондай-ақ «Мәңгілік алау»монументіне гүл шоғы қойылды.