29 қаз, 2020 сағат 10:13

Бақтияр Мәкен: Жастарды жұмысқа орналастыру шараларын жалғастырамыз

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен пандемияның экономикалық салдары ерекше әсер еткенін мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жалпы Қазақстандағы халықтың 20 пайызын жастар құрайды. Көптеген жас азаматтарға пандемияның әсері ерекше тигенін жасыра алмаймыз. Бұл жыл әлемге ғана емес, Қазақстанға да оңайға тиген жоқ. Халықаралық еңбек нарығының баяндамасына сәйкес пандемия басталғалы бері әлемдегі әрбір алтыншы жас азамат өзінің жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған немесе жұмыстан шығып қалған. Жастардың көбі қызмет көрсету мен сауда, техникалық реттеу саласында еңбек етеді. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды енгізді. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында Жұмыспен қамту бағдарламасы бізге көп көмектесті. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз», - деді Бақтияр Мәкен онлайн режимде «Болашақ» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Жастар және инновациялар» форумында.

Оның айтуынша, пандемияның салдарынан экономика зардап шеккендіктен, ал бұл өз кезегінде жастарға кері әсерін тигізетіндіктен ең алдымен олардың жұмыссыз қалмауына баса мән беру керек.

«Техникалық реттеу, сауда мен қызмет көрсету саласында жұмысын жалғастырып жатқандардың өзі биыл табысының 42 пайызынан айырылды. Сол үшін жастарға барынша қолдау көрсету керек», - деді ол.