Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Қазақстан халқына жолдауында осы уақытқа дейін қоғам тарапынан белсенді талқыланған және сарапшылардың ой елегінен өткізілген саяси реформалардың бір топ бағыттары қамтылды. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ұсынған бастамалар, оларды жүзеге асыру механизмдері ел азаматтарының көңілінен шықты.
Себебі бұл шешімдер халықтың бүгінгі таңдағы талаптарына, қоғамның даму деңгейі мен сұраныстарына жауап бере алады.
«Айта кетерлігі, Парламенттің рөлін арттыру, сайлау жүйесін жетілдіру, партияларды дамыту мүмкіндіктері, құқық қорғау жүйесін күшейту, әкімшілік-аумақтық құрылымға өзгерістер енгізумен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғамның рөлін арттыруға байланысты бірқатар тапсырмалар берілді. Соның ішінде БАҚ туралы жаңа заң қабылдау. Қазіргі қолданыстағы 1999 жылғы заңға 2017 жылы ауқымды өзгерістер енгізілген болатын»,- дейді ол.
Әсел Назарбетованың сөзінше, бүгінде бірқатар мемлекеттерде бұқаралық ақпарат құралдары азаматтарды саяси тәрбиелеу, оларды ішкі және халықаралық маңызды оқиғалар туралы хабардар ету, оларда адекватты саяси мінез-құлық пен көзқарасты қалыптастыру функцияларын сәтті жүзеге асыруда.
«Алайда БАҚ-ты теріс мақсатта, яғни артықшылықты әлеуметтік топтардың саяси үстемдігін нығайту үшін пайдаланатын жағдайлары жоққа шығарылмайды. Қазақстандағы медиа-саясаттың жүзеге асырылуы БАҚ-тың мемлекет тарапынан шектен тыс бақылауында болған кезде «этатистік БАҚ саясаты» ретінде сипатталады. Сонымен қатар, Қазақстанда ірі ақпараттық ресурстарды идеологиялық жұмыстың тиімді құралына айналдыру мақсатында оларға бақылауды күшейтуге бағытталған БАҚ саясаты жүргізілуде. БАҚ дамуының заманауи шындығы журналистердің жеке жауапкершілігін арттыруды талап етеді, ол туралы Мемлекет басшысы өз жолдауында атап өтті», - дейді спикер.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының өкілі Еуропа еліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен жұмысына тоқталды.
«Еуропа елдерінің БАҚ-тағы өзін-өзі реттеу механизмі тәжірибесіне қарасақ, АҚШ-та, Ұлыбританияда және Францияда баспасөздің өзін-өзі реттеуінің ықпалды механизмі жоқ. Францияда басылымдардың жұмысында маңызды рөл атқаратын негізгі БАҚ журналистерінің қауымдастығы бар. Бұл тұрғыда Германиядағы БАҚ жұмысына назар аударған жөн, мұнда БАҚ үкімет немесе партиялар тарапынан бақыланбайды, олар тәуелсіз және олардың көзқарасы әрқашан мемлекеттің ресми ұстанымымен сәйкес келе бермейді. Германиядағы бақылаушы органның функцияларын өзін-өзі бақылау кеңесі орындайды. Кеңесті газет-журнал шығарушылардың федералдық одақтары, сондай-ақ Германия журналистер одағы мен БАҚ қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы құрған», - деді Әсел Назарбетова.