15 сәу, 2021 сағат 15:15

БАҚ: Байден Ресейге санкция салу туралы жарлыққа қол қояды

АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі бейсенбі күні Ресейге санкция салады. Бұл туралы Ақ үйдегі дереккөзге сүйенген америкалық ақпарат құралдары хабарлады.

АҚШ президенті Джо Байден қол қоятын жарлыққа сәйкес, америкалық банктерге Ресей банкі, қаржы министрлігі, Ресей әл-ауқат қорының мемлекеттік облигацияларын сатып алуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, он ресейлік дипломат елден шығарылады, олардың кейбірі Ауғанстанда Америка әскерін өлтіргені үшін тәліптерге сыйақы ұсыну оқиғасына қатысы бар деп айтылады.

Аталған санкция АҚШ-тың ресейлік кибершабуылдарға, Кремльдің АҚШ-тағы президент сайлауына килігуіне және Қырым аннексиясына жауабы болмақ.

Ресей барлау қызметі АҚШ-тағы мемлекеттік ведомстволар мен қорғаныс корпорациясының компьютерлік жүйелерінің бұзылуына жауапты ретінде танылмақ.

Наурыз айының ортасында Америка барлау қызметі Ресейдің 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына араласуы жайлы есеп жариялаған. Сол кезде ABC News телеарнасына берген сұхбатында Байден Путин президент сайлауына араласқаны үшін "жауап береді" деп мәлімдеген.

Ресей билігі өзге елдердің сайлауына араласқанын мойындамаған.