Облыстық мәслихаттың депутаты Талғат Салфиковтың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өзі басшылық ететін «Анвар» ЖШС-на қатысты супермаркеттерде әлеуметтік маңызы бар 20 тауардың бағасын жаңа жылға дейін көтермеу туралы бастамасын ақтөбелік кәсіпкерлер бірауыздан қолдады. Бизнестегі табыстарын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен байланыстыратын ақтөбелік кәсіпкерлер осы жылдар ішінде өз істерінің аяқтан тік тұрып кетуіне мемлекеттен мейлінше қолдау болғанын, әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында жемісті нәтижелерге қол жеткізіп жүргендерін айқын сезінетіндіктерін көрсетті. Қазір аймақтағы 115-ке жуық мәдени, спорттық нысандар мен базарлар, сауда үйлерінің басшылары осы акцияға қатысуда. Әсіресе, бұл акция халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын, зейнеткерлерді қолдау мақсатында жасалып отырғанын олар бек түсінеді.
Біз Тәуелсіздік мерекесі құрметіне ақтөбеліктерге тарту ретінде азық-түлік бағасымен қоса өзге де тауарлардың бағасына жеңілдік беруге бастама көтерген депутат Талғат Салфиковтың иелігіндегі «Анвар» супермаркетінде болдық. «Анвар» ЖШС директоры Бақытжан Кизаев сауда нүктесінде әлеуметтік маңызы бар 20 тауардың бағасы 1 қаңтарға дейін көтерілмейтінін айтты. Расында да, сөрелерге жиналған азық-түліктермен қоса, шаруашылық бұйымдарына жеңілдетілген баға қойылған. Кәсіпкерлер тарапынан бағаға жеңілдіктер жасалғалы сауда нүктелеріне келушілердің саны бұрынғыдан 20 пайызға артқан. Мереке күндері сатып алушылардың қатары бұдан да көбейеді деп күтілуде. Мұнда да 300-ден астам түрлі тауар бағасына 20-40 пайыз аралығында жеңілдіктер жасалған. Серіктестік басшысы бағаны өсірмеу туралы шешім мен жеңілдіктер ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын мерекелеуге қосқан үлестері екенін, бұл бастама ақтөбеліктердің көңіл күйін көтеру, қаражаттарын үнемдеп, мерекені сезінуіне ықпал ету мақсатында жасалып отырғанын атап өтті.
Бағалы бастаманы қызу қолдаған «Дина» гипермаркетінің басшылары да өз тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырған екен. «Дина» гипермаркетінің директоры Айнагүл Назарбаеваның айтуынша, жыл соңына дейін әлеуметтік маңызға ие 33 түрлі азық-түліктің 20 түрі бойынша баға тұрақтандырылады. Сондай-ақ, мұнымен қоса отандық және шетелдік 500-ге жуық тауар бағасына 20-50 пайыз аралығында жеңілдіктер жасалып отыр.
Ақтөбеліктер арзандатылған бағамен тұрған тауарларды 1 қарашадан бастап сатып алуда. Бұл акция келер жылдың 15 қаңтарына дейін жалғасады. «Біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тек тауарларға бағаны төмендетумен ғана шектелмей, мерекені лайықты қарсы алу үшін екі ірі жобамызды іске асырғалы отырмыз. Оның бірі – көлік-логистикалық орталық. Бұл кешен 16 желтоқсан күні салтанатты жағдайда ашылады. Екінші жоба — «Шебер» құрылыс гипермаркеті. Бұл нысан Қазақстан Респбликасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ашылады. Сол сияқты, жаңа жылға дейін Ақтөбе қаласының екі ауданынан «Дина» сауда желісін ашуды жоспарлап отырмыз. «Болашақ» шағын ауданы мен Жаңақоныс ауылында жаңа супермаркеттер іске қосылады», деді ол сөз арасында. Сонымен қатар, сауда орындарында ең төменгі зейнетақы алатын 4 мыңға тарта зейнеткерге әлеуметтік пакеттер таратылмақ.
Облыс орталығындағы «101-атқыштар дивизиясы» көшесі бойындағы «Ваниль» кондитерлік дүкенінің басшысы Зәуреш Еркіналина қала тұрғындары үшін 1 қараша мен 16 желтоқсан аралығында «Ваниль» өнімдері 10 пайыз жеңілдікпен сатылып жатқанын айтты. Қазір Ақтөбе қаласындағы «Ванильдің» үш дүкенінде әртүрлі торттар мен шоколадтан жасалған өнімдерге 10 пайыз жеңілдік қарастырылған. Сол сияқты, ұннан жасалған өнімдер бүгінде 25 пайыз жеңілдікпен сатылып жатыр.
Тәуелсіздікке арналған акцияға Ақтөбе қаласының «Батыс-2» шағын ауданында орналасқан «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де атсалысуда.
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылдың 1 қарашасынан 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін күндізгі сағат 12.00-14.00 аралығында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, зейнеткерлерге бассейнге, жаттығу залына тегін кіру және студенттерге, көп балалы отбасылар үшін 50 пайыз жеңілдік қарастырылды. Акция аясында қала тұрғындары үшін күндізгі сағат 12.00-ден 14.00-ге дейін және кешкі сағат 18.00 мен 21.00 аралығында орталықта бассейінге келіп, жаттығуларына болады. Қалған уақыт балаларға арналған. Спорт кешенінде 15 жасқа дейінгі балаларға осы қызмет түрлері бағасының 50 пайызы ғана алынады, – дейді спорт мектебі директорының орынбасары Ләззат Бектұрлиева.
Қазір бұл спорт мектебіне әртүрлі топтағы 15 мүгедек пен 50-ге тарта зейнеткер тұрақты келіп, жаттығады. Мектепте жүзу, синхронды жүзу, су добы топтары бойынша 650-ден астам бала жаттығады.
Тәуелсіздік күні қарсаңында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге мерекелік жеңілдіктер қолданып отырған нысандардың бірі – «Батыс-2» шағын ауданында орналасқан «Хаммер» спорт кешені. Тәуелсіздік мерекесі құрметіне ардагерлер мен зейнеткерлер үшін мұнда қызметтің қай түрі де тегін көрсетіледі. Спорт түрлері бойынша едәуір жеңілдіктер қарастырылған.
– Қараша айынан бастап спорт сүйер қауымға жеңілдіктер жасалып отыр. Әсіресе, жаттығу залы, бассейн, таэквондо сынды өзге де спорт түрлері үшін айына төленетін қаражатқа жеңілдіктер қарастырылды. Бұл шара 16 желтоқсанға дейін жалғасады. Бір айта кетерлігі, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлерге кесте бойынша ақысыз қызмет көрсетеміз, деді «Хаммер» спорт кешенінің креативтік менеджері Темірлан Тулегулов бізбен әңгімесінде.
Мерекелік акцияға «Ақбөбек» компаниясы да қолдау танытып, бірқатар қызмет түрлеріне жеңілдік бағасын ұсынып отыр. «Ақбөбек» компаниясы бас директорының орынбасары Шамшырақ Сайлағиева Тәуелсіздік күніне орай компанияда барлық қосымша қызметтерге 15 пайыз жеңілдік жасалып отырғанын жеткізді. Яғни, мұндағы үйірмелер медициналық, интеллектуалды, спорттық және өнер бағыттарына бөлінеді. Қазір үйірмеге 626 бала қатысады. Үйірменің бағасы 4-15 мың теңге аралығында. Акцияға орай 1 қараша мен 31 желтоқсан аралығында барлық үйірме бағасына 15 пайыз жеңілдік жасалады. Егер ата-аналар үйірме бағасын алдын-ала төлеп қойса, онда артық төлеген қаражаты қайтарылады.
Облыста 2013 жылдан бері халыққа медициналық көмек көрсетіп келе жатқан «Дару клиникасы» медициналық оңалту орталығында да аймақ тұрғындары үшін мерекелік акция ұйымдастырылуда. Клиникада кеңес алу бағасы – 3000 теңге. Жаңа жылға дейін тұрғындар мұнда 15 пайыз жеңілдікпен медициналық қызмет түрлерін ала алады.
– Еліміздің Тәуелсіздік алуының 25 жылдық мерейтойына орай клиникадағы барлық маманнан кеңес алу қызметінің ақысы 15 пайызға төмендетілді. Бұл – ересектер үшін де, балаларға да көрсетілген жеңілдік. Бүгінгі күні «Дару» клиникасында бір кезеңде 200 адамға қызмет көрсетіледі, – дейді «Дару» клиникасының бас дәрігері Изольда Каландия.
Оның айтуынша, заманауи, көп бағдарлы клиникада ересектер мен балалар үшін медициналық тексерістің барлық түрі қарастырылған. Бүгінде диагностика мен емдеудің барлық әдістері, оңалту түрлері халықаралық сапа стандартына сай жүргізіледі.
Міне, осылай ақтөбелік кәсіпкерлердің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көтерген бағалы бастамасы әріптестері тарапынан кең қолдау табуда. Мерекелік мәрттік жасауға ынталы кәсіпкерлер қатары күн өткен сайын көбейе түсуде. Мұның өзі кәсіпкерлердің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына толымды тартуы ғана емес, әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінуі деу орынды болмақ.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы