29 қар, 2016 сағат 09:39

Б. Сағынтаев: Жаңа жұмыспен қамту бағдарламасында тұрақты жұмыс орындарын ашуға күш салынады

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі отырысында таяу арада нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын мақұлдауды аяқтап, оны бекітуге шығаруды тапсырды.

Премьер-Министр әзірленген бағдарлама аясында жұмыссыз азаматтармен жұмыс істеу барысы өзгеретінін атап өтті.

«Егер біз бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына көңіл бөлсек, енді оқыту арқылы тек қана тұрақты жұмыс орындарына көңіл бөлінеді. Ең бастысы, адамдарға өз істерін ашуға және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береміз. Жауапты органдар анықталды, өкілеттіліктер берілді, олардың арасында жергілікті атқарушы органдар бар»,-деді Б. Сағынтаев.

Премьер-Министр осы бағдарлама бойынша барлық әзірлік жұмыстарын аяқтап, оны 15 желтоқсанға дейін Үкіметке бекітуге ұсынуды тапсырды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, ҚР Үкіметі жаңадан Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жасаған болатын. Бұл бағдарламаның мақсаты нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасай отырып, халыққа өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру болып табылады. 

 Ұлт порталы