11 сәу, 2021 сағат 13:35

Азия чемпионы 400 келілік түйені көтеріп, елді таңғалдырды (Видео)

Белгілі атлет, түрлі экстрималды жаттығулар бойынша әлем рекордын жаңартқан қазақ балуаны Темір Сыпатаев Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойына арнап тағы бір рекорд жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақтың даңқты палуаны, күш атасы – Қажымұқан атамыздың 150 жылдығына осы рекордымды арнаймын, Aлла разы болсын баршаларыңызға», - деп жазды балуан Instagram-дағы парақшасында. 

Ұсынылған видеодан балуанның түйені көтерген бойы 30 қадамдай жүріп өткенін көруге болады.

Айта кетейік, Темір Сыпатаев - қол күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, сондай-ақ Қазақстанның 5 дүркін чемпионы. Одан бөлек бірнеше дүркін рекорд иесі. Ол Францияда, Германияда, Өзбекстанда және Ресейде өнер көрсетіп жүр. 

Темір Сыпатаев осыған дейін K-700, КамАЗ, пойыз сияқты ауыр техникаларды сүйреп, өгіз көтеріп жұртты таңғалдырған болатын. 

Ресми құжаттарға сүйенсек, 7 сәуір күні қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толды.