Азаптаулар және өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстың іс тіркелді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің атыма келіп түскен азаматтардың 137 өтінішінің ішінде 86-сы азаптау немесе басқа қатыгездік әрекеттерге байланысты. Ресми статистикаға сүйенсек, 2022 жылы 13 наурыздағы азаптаулар және өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта біз құқық қорғау органдарымен азаптаулар үшін жауапкершілікті қатаңдату және оларға жол бермеу тетіктерін енгізу мәселесін талқылаудамыз. Заң бойынша азаптауды зорлық-зомбылықты, қорқытуды, сол сияқты өзге де қатыгез қарым-қатынасты қолданылып алынған дәлелдемелер жарамсыз деп танылады. Осыған байланысты ұстау мен тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы істерді тергеуді кешіктірмеу өте маңызды», - деді ол қаңтар оқиғаларына қатысты мәселелер көтерілген отырыста.
Оның атап өтуінше, алдағы сот процестерінің ашықтығы және оған тәуелсіз бақылаушылардың қатысуы мәселесі де өзекті.
«Бұл мәселе бойынша мен Жоғарғы сот төрағасына және Бас прокурорға жүгіндім. Сол қайғылы оқиғаларға байланысты адам өміріне қауіптің жоғары деңгейі болғаны анық. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан мыңнан астам азамат түрлі дәрежеде жарақат алды. Оның ішінде мыңнан астам азамат пен 3 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкері бар. 238 адам мерт болды», - деді Эльвира Әзімова.