Алматыда өткен Х Азаматтық форум үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігінің жаңа бағыттарын талқылап, үлкен мегаполистегі маңызды мәселелерді бірлесе шешу жолын талқылауды мақсат тұтты. «Болашағымыз бірлікте» деген ұранмен өткен Азаматтық форумның басты тақырыбы Елбасы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудағы ҮЕҰ-ның рөлін көрсетуге арналды.
Қоғамдағы әр адамның белсенділігі мен немқұрайлы болмауынан көп мәселе шешімін табады. Ол үшін әр азамат сергектік танытып, ҮЕҰ көтеретін түрлі бастамаларға азаматтық қолдау білдіріп, әлеуметтік жанжалдарды азайту үшін жағдайлар жасауға, түрлі әлеуметтік топтардың жұмысына жанашырлықпен қарауға, қоғамдық институттардың қатынастарын үйлестіруге жәрдем беріп үйренгені абзал.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы қаласындағы корей ұлттық орталығы төрағасының орынбасары Г.Кан Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 4-қадамға орай, азаматтық біртұтастықты қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдардың рөлін атап көрсетті. Г.Канның, әсіресе, «әрбір жеке адам мен әлеуметтік топтардың мемлекеттік тілді меңгеруімен бірге қоғамда күрделі болып көрінетін көп мәселе бірден оң шешімін табар еді» деген пікіріне форумға қатысушылар қызу қолдау білдірді.
Азаматтық форумды ұйымдастырған Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов жиын басталар алдындағы кіріспе сөзінде: «Форумның Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өтіп отырғаны біз үшін маңызды. Оныншы рет өткізіліп отырғанының өзі – Алматыдағы азаматтық қоғамның белсенділігінің айғағы. Республикамыз бойынша 20 000 ҮЕҰ тіркелген болса, оның 600-ге жуығы Алматы қаласына тиесілі. Азаматтық сектор – бұл мемлекет пен тұрғындар арасындағы алтын көпір» деп атап өтті. Қалалық мәслихаттың депутаты Константин Авершин сенбі, жексенбі күндері «Қаланы қардан тазалайық!» атты акция ұйымдастырып, өзі ресторатор болғандықтан, басқа әріптестеріне үн қатып, қолына күрек ұстап, қар күреуге шыққан барлық еріктілерді ыстық аспен қамтамасыз еткен.
Х Азаматтық форумның аясында қоғамдық маңызы бар және әлеуметтік іргелі істерді жүзеге асыруда ерекше табысқа жеткен үздік жоба иелерін анықтап, марапаттайтын «Өрлеу-2016» сыйлығын салтанатты табыстау рәсімі өтті. Биылғы «Өрлеу-2016» байқауының жеңімпаздары болып республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Алматы бөлімшесінің жетекшісі Еренғайып Шайхутдинов, «Көмектес» қоғамдық ұйымының жетекшісі Александр Сапелкин, «Reliance» қоғамдық қорының төрайымы Сәуле Алпысова, экологиялық бағыттағы «Я – алматинец» қоғамдық бірлестігінің басшысы Константин Авершин, «Аврора» қоғамдық қорының басшысы Рубен Казарян, «Шарапат» мүгедектердің жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Раушан Мананбаева, «Диабет қоры» қоғамдық қорының басшысы Наталья Тукалевская, «Фонд Женского лидерства» қоғамдық қорының төрайымы Мария Гусейнова, «Родник» қоғамдық ұйымының төрайымы Нина Балабаева танылды.
Үздік жобаларымен үлкен жетістікке жеткен ҮЕҰ-ның жеңімпаздарын Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Сыдықов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, «Ақпараттық ресурстар орталығы» қоғамдық қорының төрайымы Алтынай Көбеева марапаттады.
Жиынға қатысушылар 25 қараша күні Астанада өтетін Қазақстан Республикасы Азаматтық форумына делегат болып баратын үміткерлерді ұсынып, оларға дауыс берді, нәтижесінде, 10 делегаттың есім-сойы нақтыланды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ