Кеше Астанадағы «Қазмедиа» орталығында аймақтық БАҚ форумы өтті. Онда еліміздегі ақпарат саласының бүгіні мен болашағы жайлы айтылып, масс-медиа мәселелері талқыланды.
Шараға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен республикалық және облыстық басылымдардың басшылары, телеарналардың директорлары, сондай-ақ, Президент Әкімшілігінің өкілдері мен Парламент Мәжілісінің депутаттары және ресейлік танымал тележурналистер қатысты.
– Бүгінгі форум Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес өткізіліп отыр. Сондықтан да, осы шараға еліміздің жетекші БАҚ өкілдері шақырылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда еліміз бойынша 3 мыңға тарта бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасайды. Мұның 80 пайызға жуығын аймақтық БАҚ-тар құрайды. Осы жерде айтарым, қарап отырсақ, қазіргі кезде кез келген сайттар мен порталдар әлеуметтік желілердің жылдамдығына ілесе алмай келеді. Неге? Өйткені, сағаттың тіліндей сырғыған уақыттың талабы – ақпаратты жедел әрі сапалы тарату ғана емес, тұтынушының қызығушылығын дәл тауып, оқырманмен байланыс орната білу.
Сонымен қатар, елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажы мен өңірдегі басқа да бағыт бағдарын жұртшылыққа тиімді тәсілдермен жеткізу, – деді Д.Абаев.
– Бүгінгі форум Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес өткізіліп отыр. Сондықтан да осы шараға еліміздің жетекші БАҚ өкілдері шақырылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда еліміз бойынша 3 мыңға тарта бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасайды. Мұның 80 пайызға жуығын аймақтық БАҚ-тар құрайды. Осы жерде айтарым, қарап отырсақ, қазіргі кезде кез келген сайттар мен порталдар әлеуметтік желілердің жылдамдығына ілесе алмай келеді. Неге? Өйткені, сағаттың тіліндей сырғыған уақыттың талабы – ақпаратты жедел әрі сапалы тарату ғана емес, тұтынушының қызығушылығын дәл тауып, оқырманмен байланыс орната білу. Сонымен қатар, елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажы мен өңірдегі басқа да бағыт- бағдарын жұртшылыққа тиімді тәсілдермен жеткізу, – деді Д.Абаев.
Оның айтуынша, қазір бұқараның бұқаралық ақпарат құралдарына деген көзқарасы мүлде бөлек. Олар журналистерден толымды тақырыптағы мақала мен шынайы ақпарат күтеді. Сондықтан да қаламын қару, микрофонын азық еткен журналистер жаңалықтың жаршысы боларда елге беретін өнімінің сапасына да назар аударуы керек.
– Расын айтайық, еліміздегі өңірлік БАҚ-тардың рөлі соңғы уақытта арта бастады. Тілшілер қауымы билік пен халықтың алтын көпірі деген атты абыройлы арқалап жүр, – деді әрі қарай министр.
Осы жерде форумға қатысушылар тарапынан Дәурен Абаевқа ұсыныстар айтылды. Мәселен, «Алматы» телеарнасының бас директоры Әлібек Әлденей Қазақстанның медиа-нарығында Ұлттық телерадио хабарларын таратушылар қауымдастығы секілді көптеген қоғамдық БАҚ ұйымдары бар екенін тілге тиек ете келіп, олардың бағыттары өте тар, бірде-бір өңірлік БАҚ-ты қамтымайтынын айтты. Сонымен бірге, журналистер қауымының көп жағдайда құқығы қорғалмайтынын жеткізді.
– Осыған орай менде мынадай ұсыныс бар. Сіз өңірлік БАҚ-тың мүддесін қорғайтын жаңа альянс құру идеясына қалай қарайсыз? – деді Әлібек Әлденей. Бұған Дәурен Абаев: «Иә, мұндай альянс керек деп ойлаймын. Өңірлік журналистер альянсын құру ұсынысын толықтай қолдауға болады. Бұған қоса, шынымен де мемлекеттік тапсырыс аясында әзірленетін контенттермен алмасатын уақыт жетті. Біз бұл контенттерді өңірлерге беруге дайынбыз. Бұл, әсіресе, өңірлік телеарналар үшін барынша маңызды болар еді», – дей келе, облыстық газеттердің мәселесіне де тоқталды.
– Алдағы 21 қараша күні облыс әкімдерінің орынбасарларын жинап, жиналыс өткіземін. Онда еліміз бойынша қазақ және орыс тілді 25 облыстық газеттерді жекеменшікке беру немесе республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің құрамына қосу мәселесін талқылаймыз. Сондықтан да нақты шешімді айта алмаймын, – деді министр. Сонымен қатар, ол келесі жылдан бастап мемлекеттік тапсырыстың тарифін арттыратынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл БАҚ үшін өте тиімді болмақ.
– Министрлік мемлекеттік тапсырыстың бағасын өсірсе, аймақтық БАҚ-тың қазанына біршама мол қаржы түсіп, әлеуметтік-экономикалық ахуалы артады. Бұл сіздер үшін ең басты жаңалық деп есептеймін. Қазіргі таңда министрлік тарифке байланысты егжей-тегжейлі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді Дәурен Абаев.
Мұнан бөлек форумда медиа саласының дамуы, телеарналардың көрермен сұранысын қанағаттандыру жайы айтылды. Баяндама жасаған «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбай медиакеңістіктегі табыс көзінің негізгі бөлігі саналатын жарнамаға тоқталды.
– Қазір телеарналардағы жарнамадан түсетін табыс 15 пайызға төмендеді. Есесіне қазақ тілді көрермен 82 пайызға жетті. Көзі ашық, көкірегі ояу халық арналардан жұлдыздар өмірін емес, қоғамдағы шынайы бейнелерді баяндайтын өнімді көргісі келеді. Мен өз тәжірибеме сүйеніп айтарым, қазір жұртшылыққа жылдам ақпарат пен боямасыз тірлікті көрсететін хабарлар қажет, – деді ол.
Ал ресейлік «НТВ» телеарнасының журналисі Лилия Гильдеева халықаралық БАҚ-тың бүгінгі бет-бейнесін сөз етті. Оның пікірінше, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы құбылысты тым әсірелеп жеткізуге құштар. Олардың басым бөлігі кәсібиліктен гөрі, көзбояушылық әрекеттерге жол береді.
– Меніңше, әрбір журналист бірінші кезекте кәсібіне деген құштарлығын, адалдығын көрсете отырып, көрермен мен оқырманға шынайылықты көрсететін хабар таратуға ұмтылуы керек. Көп жағдайда БАҚ жас журналистерді дайындауда кемшін түсіп жатады. Мәселен, «НТВ» телеарнасы журналисті жұмысқа қабылдамас бұрын, оның жазуына баса мән беріп, жұмысты алып кете алатынына көз жеткізеді. Бұл – қазіргі қоғамның талабы, – деді Л.Гильдеева.
Жалпы, аймақтық БАҚ-тар форум барысында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өзіндік орны мен өзекті мәселелері кеңінен қозғалып, қатысушылар тарапынан пікірлер айтылды. Яғни, Қазақстандағы медианарықтың дағдарыс-менеджменті, бүгінгі қоғамдағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұртшылыққа жылт еткен жаңалық таратудағы жаңаша үлгісін енгізудегі ерекшелігі баяндалды.
Форум барысында Дәурен Абаев ақпараттық саланы айрықша назарда ұстау кез келген мемлекеттің көкейкесті мәселесі екендігіне тоқталды. Министрдің айтуынша, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту, оның ішіндегі ауқымды бағыт аймақтық медиа саласын ілгерілету бүгінгі күннің басты талабы болмақ.
– Осы орайда Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Елбасының тапсырмасы бойынша өңірлік масс-медианы жаңа деңгейге көтеру шараларын қолға алады, – деді министр. Сонымен қатар, ол ұйымдастырылып отырған бүгінгі күнгі форум аталған мәселелерді өңірлік журналистермен бірге талқылап, өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндік екенін айтты.
Жиын соңында еліміздегі өңірлік БАҚ өкілдерінің Елбасы саясатын насихаттай отырып, бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқаны тілге тиек етілсе, журналистика саласындағы жетістіктер қашанда олардың адал еңбегінің арқасы екені атап көрсетілді.
Талғат РАЙЫМБЕК,
Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Мұхтар Холдорбеков