19 жел, 2019 сағат 07:52

Аймағамбетов: Педагогтердің еңбегін нормалау жүйесін енгіземіз

Қазақстанда педагогтердің еңбегін нормалау жүйесі енгізіледі. Аталған құжатты бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз жобада педагогтердің мәртебесін бірінші орынға қойып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 4 жыл ішінде 500 мың педагогтің ебекақысын 2 есеге ұлғайту қарастырылған. Мұғалімдерді қайта даярлау, біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі енгізілетін болады. Мұнан былай балабақша, қосымша білім және колледж педагогтері, олардың басшылары аттестаттаудан өтіп, жалақысы артатын болады. Педагогтердің еңбегін нормалау жүйесін енгіземіз және 2021 жылдан бастап университеттердің түлектері реттелетін мамандықтар бойынша сертификаттаудан өтетін болады», - деді 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын таныстырған министр.

Сонымен қатар оның айтуынша, педагогикалық білімді жаңғырту, болашақ мұғалімдердің педагогикалық практикасын өзгерту және оны ұлғайту, оқу бағдарламаларын жалпы 100 пайызға жаңарту қарастырылған. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту жоспарланған.

«Сапаны арттыру мақсатында оларды лицензиялауды кезеңдеп қайтару және балаларды мектепке даярлауды жақсарту үшін жаңа бағдарламалар енгізу көзделген. Біз бүгін күнде көріп отырмыз, жекеменшік балабақшаларда әртүрлі келеңсіз жағдайлар көбейіп кетті. Сондықтан кезең-кезеңмен лицензиялау мәселесін де қолға алған жөн деп ұйғардық. Өңірлердің жекеменшік балабақшаларының ұсынысы бойынша мемлекеттік тапсырыс құны 30 мың теңгеге дейін жеткізіледі. Ол үшін республикалық бюджеттен 400 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр», - деді ол.