Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов салық заңнамасына ұсынылған түзетулерге қатысты түсініктеме беріп, бірқатар тауарлар мен қызмет түрлеріне қатысты 0% ҚҚС мөлшерлемесін сақтап қалу бастамасын қорғады. Оның айтуынша, бұл ұсыныс – әлеуметтік әділеттілік пен ұлттық құндылықтарды қорғауға бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.
Дәрі-дәрмек пен емдеу қызметтері
Депутаттың мәлімдеуінше, онкология, диабет, сирек кездесетін және аутоиммундық аурулар секілді ауыр дерттер бойынша дәрі-дәрмектер мен емдеу қызметтеріне ҚҚС енгізу олардың бағасының 16%-ға дейін қымбаттауына алып келуі мүмкін. Бұл, ең алдымен, науқастар мен олардың отбасыларына ауыр салмақ түсіреді.
“Бұл жай ғана салық мәселесі емес, бұл – адамгершілікке қатысты шешім,” – деді Аймағамбетов.
Кітаптар мен анимация
Оның айтуынша, отандық кітаптарға ҚҚС салу олардың құнын арттырып, оқырманға қолжетімсіз етуі ықтимал. Бұл – қазақ авторлары мен аудармашыларының еңбегін елемеу болып саналады. Сонымен қатар, ол анимация саласын да салықпен емес, нақты қолдаумен дамыту қажеттігін айтты.
Қаржылық қызметтер
Банк карталарымен аударымдарға ҚҚС енгізу қарапайым халыққа, әсіресе студенттер, зейнеткерлер мен шағын кәсіп иелеріне қосымша шығын әкелуі мүмкін екенін ескерткен депутат, қаржылық қызметтерді ҚҚС-тан босату халықаралық тәжірибеге де сай келетінін атап өтті.
Альтернативті ұсыныстар
Аймағамбетов салық саясатын әділ ету үшін келесі ұсыныстарды ортаға салды:
- - букмекерлік кеңселер мен казиноларға салықты көтеру;
- - құрамында трансмай бар өнімдерге акциз енгізу;
- - банктерге салынатын корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін арттыру.
Талқылау жалғасуда
Депутат салық кодексіне қатысты түзетулер әлі де талқылау сатысында екенін айтып, жұмыс тобы мен Мәжіліс деңгейінде ұсыныстар қаралатынын жеткізді.
“Мәселе – бәрін бәрінен босатуда емес. Мәселе – әділ әрі теңгерімді салық жүйесін қалыптастыруда,” – деді ол.