Ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» картинасы 14 ақпанда Ресей мен Қазақстан көрермендеріне ұсынылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл ақпаратты «Kinopark Theatres» желісінің PR директоры Ерлан Бұхарбаев растады. YouTube желісінде кинокартинаның трейлері жарияланды. Онда перзентханаға жаңа туған сәбиін тастап қашқан Айканы көруге болады. Фильмде Қырғызстаннан Мәскеуге келіп, онда заңсыз жұмыс істеп жүрген жас эмигрант әйелдің оқиғасы, оның ішкі адами өсуі, аналық сезімі баяндалады.
Басты рөлді қазақстандық актриса Самал Еслямова сомдаған. Ол былтыр 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған болатын.
Сондай-ақ, фильм «Оскар» жүлдесінің «Шетел тіліндегі үздік фильм» санатында тоғыз картинадан тұратын қысқа тізіміне енді. Бірақ «Айка» бес фильмнен тұратын «Оскардың» соңғы үміткерлерінің тізіміне енбей қалды.