
Нұр-Сұлтан қаласының саниатрлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Айгүл Шағалтаева елордадағы қазіргі эпидемиологиялық ахуал шектеу шараларын алып тастауға мүмкіндік бермей отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз білетіндей, кешеден бері елорда «қызыл» аймақта. Кейінгі бес күннің ішінде коронавирус жұқтырғандардың артуына байланысты осындай шешім қабылданып отыр. Бұл коронавирус инфекциясының таралу қаупі артып бара жатқанын білдіреді. Өкінішке қарай, ауру жұқтырғандардың кейінгі күндердегі статистикасы қандай да бір карантин жеңілдігін жасауға немесе шектеулерді алып тастауға мүмкіндік бермей тұр», - деді ол «Астана – адалдық алаңының» Facebook парақшасында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, елордадағы медициналық ұйымдар қауіпті індеттің таралу қаупіне дайын отыр.
«Амбулаториялық деңгейде төсек-орын жүктемесі қазіргі уақытта 38 пайызды құрап отыр. ПТР тест тапсыруға болатын 18 зертхана бар. Оның бәрі де бірыңғай жүйеге интеграцияланған. Яғни, жұқтырғандардың санын бақылап отырмыз», - дейді Айгүл Шағалтаева.
