10 мам, 2024 сағат 17:40

Әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды


Фото: Instagram\nemolchikz_official


Бұған дейін Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсететіні, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы ақпарат тараған еді. Енді әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.


«Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды, тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді» делінген ресми мәліметте.


Естеріңізге салсақ, Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаштың жұбайы Карина Мамаш 10 жыл бойы зорлық-зомбылық көріп келе жатқанын мәлімдеген болатын.


«Маған физикалық, жыныстық, эмоционалдық, тұрмыстық зорлық көрсетті. Күйеуімнің маған жасаған барлық қиянаты үшін дипломатиялық мәртебесінен айырып, түрмеге жабылғанын қалаймын», - деген еді ол.


ҚР Сыртқы істер министрлігі зардап шеккен қазақстандықтың БАӘ-ден отанына оралуына көмектесті. 

Карина Қазақстанға балаларымен бірге ұшып келген. Оның анасы мен әпкесі де дағдарыс орталығына орналастырылған.