21 қыр, 2022 сағат 18:28

Айдос Сарым: «ОДКБ» - ортақ құндылығы жоқ уақытша ұйым


Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ - ОДКБ) Қазақстан Ресей тарапы «әскер бер» деп міндеттеме жүктесе, бас тарта алмай қалуы мүмкін бе? Бұл сұраққа бүгін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

«ОДКБ деген - уақытша ұйым. Кезінде соның арқасында Қазақстан өзінің біраз мәселесін шешіп алды. Шекарасын бекітті. Бірақ, шын мәнінде, ол - құндылықтарға негізделген ұйым емес. Мәселен, күні кеше Самарқанда Шанхай Ынтымақтастығы ұйымының отырысы болып жатты. Дәл сол сәтте қырғыз бен тәжік президенттері шай ішіп отыр. Бірақ екі елдің армиясы сол кезде соғысып жатыр. Кеше Арменияда қайта-қайта митинг өтіп, «ұйымнан шығайық, Америкаға табынайық» деген әңгімелер шыға бастады. Яғни ортақ құндылық жоқ. Мәселен, бір-біріне құндылықтары жақын мемлекеттер кезінде НАТО-ны құрды. Ал ОДКБ құрамындағы 6 елдің 6 түрлі мүддесі, мақсаты бар. Сондықтан, меніңше түбі ТМД ұйымы секілді болады. ТМД шеңберінде мыңдаған қаулы мен шешім шыққан. Бірақ соның ешқайсысын бірде-бір тарап орындап жатқан жоқ», - дейді Айдос Сарым.

Депутаттың айтуынша, ҰҚШҰ-ға қарағанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес секілді ұйымдардың болашағы ықпалдырақ.