Фото: Halyqstan.kz
Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысының Степногорск қаласында көшелерге дәстүрлі түрде Аяз ата мен Ақшақар мүсіндері орнатылды. Алайда мерекелік безендіру қала тұрғындары күткендей жағымды әсер қалдырмай, керісінше әлеуметтік желілерде қызу талқылауға ұласты, деп хабарлайды Ult.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ерекше пішіндегі жаңа жылдық мүсіндердің суреттері мен видеолары желіде таралып, тұрғындар олардың сырт келбеті үрей туғызатынын жазды. Кейбір желі қолданушылары Аяз ата мен Ақшақар түн қараңғысында балтамен шабылғандай әсер қалдыратынын, ал өзге мүсіндер сол «шығармашылық үдерістің» кездейсоқ куәгерлеріне ұқсайтынын атап өтті. Сондай-ақ тұрғындар мерекелік безендіруге 10 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды деген ақпаратты алға тартып, наразылық білдірді.
Қоғамдық резонансқа қала әкімдігі жедел жауап берді. Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Дархан Оспановтың айтуынша, биыл қалада бұрыннан бар дәстүрді қайта жандандыру туралы шешім қабылданып, түрлі ұйымдарға жаңа жылдық алаңды өз бастамасымен безендіруге мүмкіндік берілген.
– Аяз ата, Ақшақар және басқа да шағын сәулет формалары ұйымдардың бастамасымен орнатылды, – деді ол.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, аталған безендіруге қала бюджетінен қаражат бөлінбеген. Сонымен қатар тұрғындардың сыны ескеріліп, эстетикалық талаптарға сай келмеген мүсіндерді алып тастау туралы шешім қабылданған.
– Қала тұрғындарының көңілінен шығатын, барлық талапқа сай жаңа жылдық алаң жасалады. Туындаған жағдай үшін кешірім сұраймыз, – деді әкімдік өкілі.
