27 нау, 2024 сағат 22:27

Аягөзде суда жоғалып кеткен үш адам іздестірілуде


Аягөз ауданында бірден екі бағытта екі іздестіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Семей таңы" басылымына сілтеме жасап.

Оқиғалар орнындарына Абай облысының ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері дереу жіберілген болатын. 23 наурыздан бастап 1977 жылы туған ер адамды іздеу жұмыстары жүргізілуде, ол Аягөз өзенінен өтпекші болған кезде, аттан құлап, суға кеткен деп болжануда. Ер адам ат үстінде өзі жұмыс атқаратын «Шығыс» шаруа қожалығына бармақшы болғаны анықталды.

Сонымен қатар, 26 наурыздан бастап 1957 және 1985 жылы туған тағы екі азаматты іздестіру жүргізілуде, олар «МТЗ 82» маркалы тракторда Борлы өзенінен өту кезінде суда жоғалып кеткен. Олар «Шалқар» қосалқы шаруашылығынан Қарағаш ауылына қарай жолға шыққан. Жолда ер адамдар жолды қысқарту үшін өзен арқылы өтпекші болған, алайда, олар өзеннің ортасында тұрып қалды. Оқиға орнына келген құтқарушылар адамдарды таппады.

Іздеу жұмыстарына Абай облысы ТЖД, Полиция департаменті, ЖАО, ҚМ күштері мен құралдарынан барлығы 82 адам, 4 жүзу құралы, 9 бірлік техника, 4 пилотсыз ұшу аппараты, сондай-ақ жергілікті тұрғындар арасынан азаматтар жұмылдырылды.

Аягөз ауданына психологиялық көмек көрсету үшін Абай облысы ТЖД психологтары барды.

Сүңгуірлер жұмыстары су айдындарының көктемгі ластануына байланысты су асты көрінуінің нашарлығымен және су ағынының жоғары жылдамдығымен  күрделене түсуде.

18 сағат 26 минутта Семей қаласының ҚМ МИ-17 тікұшағы Борлы өзені бойын аэровизуалды қарауға әуеге ұшты. Алайда, аумақты зерттеу нәтиже бермеді.

Қазіргі уақытта іздеу-құтқару жұмыстары тәуліктің қараңғы уақытының басталуына байланысты уақытша тоқтатылды.

Ағымдағы жылдың 28 наурыз күні таңғы сағат 06-дан бастап іздеу жұмыстарын қайта бастау жоспарлануда.