02 қыр, 2020 сағат 04:15

Аягөзде ат шаптырып, той жасағандар жауапкершілікке тартылатын болды

ШҚО полицейлері карантин талаптарын бұзып, үйлену тойы мен басқа да отбасылық іс-шараларды ұйымдастырып жүргендерді анықтау үшін рейдке шығып жүр, деп хабарлайды Altaynews.

Шығыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 16 тамыздағы қаулысына сәйкес үлкен той-жиындар өткізуге тыйым салынған.

Осындай рейдтің бірінде тамыздың соңғы демалыс күндері Аягөз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қаладағы мейрамхананың бірінде той жасап жатқандардың үстінен түсті. Шақырылған қонақтар тойханаға «артқы» есіктен кіргізіліп, көліктер мейрамхананың арты мен көрші аулаға қойылған.

Осыған ұқсас жағдай Бесқарағай ауданында да тіркелді. Онда жергілікті тұрғын бәйге ұйымдастырған..

«Карантин режимін бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін барлық фактілер мен материалдар Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді», - дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.