12 қар, 2019 сағат 13:21

Автобензиндер өндірісінің көлемі еліміздің ішкі тұтынуын толықтай жабады — ҚР ЭМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2019 жылғы қаңтар-қазан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды. 10 айдағы энергетика кешенінің даму нәтижелері туралы энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша, осы жылғы 10 ай қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 74,8 млн тоннаны құрады. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3% артық немесе осы жылғы 10 айының жоспарына 102% құрады.

«Биыл үш ірі мұнай-газ жобасында күрделі жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды: Қашағанда күрделі жөндеу жұмыстары жоспардан 15 күн бұрын аяқталған; Теңізде – 3 күн бұрын аяқталды, Қарашығанақта жөндеу жұмыстары 2019 жылғы 15 қыркүйектен 13 қазан аралығында өткізілді. Негізгі өндірістер тоқтатылғанына қарамастан, осы жобалардағы өндіру қарқыны жоспардан аса орындалуда», — деді бірінші вице-министр.

Осы жылдың 10 айы ішінде Қашағанда 11,5 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 7,4 % өсім көрсетуде және жоспардан 6,4% артты. Теңізде 24,6 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 5,1% және жоспардан 2,5%-ға өсім көрсетіп отыр. Қарашығанақта 9,1 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 9% төмен, бірақ жоспардан 2,2%-ға жоғары.

М. Досмұхамбетов атап өткендей, осындай өндіру қарқынын ескере отырып, Министрлік республикада жылдық өндіру көлемі 90,5 млн тоннаға дейін көтеріледі деп болжайды. 2018 жылдың 90,4 млн тонна көлеміндегі нәтижесін артуға мүмкіндігі бар.

«Осы жылдың 10 айы ішінде газ өндіру көлемі 46,3 млрд текше метрді құрады. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 1,5% өсім көрсетіп отыр. Жыл басынан бері 10 айы ішінде мұнай өңдеу көлемі 14,17 млн тоннаны құрады. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 5% өсім көрсетіп отыр. Бірақ 10 айдың жоспарынан 1,2% төмен. Бұл ретте, 2019 жылдың жоспары 17 млн тонна, болжам 17,1 млн тоннаға дейін көтерілді», — деді ол. 

Негізгі мұнай өнімдері – бензин, дизель отынын, әуе отынын және мазут бойынша өндіру көлемі 10,5 млн тоннаны кұрап отыр. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 10,2% астам өсім көрсетіп отыр. Автобензин өндіру көлемі 3,6 млн тоннаны құрады немесе 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 112,5% өсуде.

«Автобензин өндіру көлемі еліміздің ішкі тұтынуын толық қамтамасыз етеді. Осы жылы шілде айынан бастап автобензин экспорты басталды, экспорт көлемі 42,6 мың тоннаны құрады. Жалпы, мұнай өнімдері нарығында жағдай тұрақты. Жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды», — деді бірінші энергетика вице-министрі.

Биылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстанда Аи-92 маркалы бензиннің бөлшек сауда бағасы – 148,5 теңгені құрайды.

Әуе отынын өндіру көлемі 524,5 мың тоннаны немесе 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 182% құрап отыр. Дизель отыны 4,1 млн тонна өндірілді немесе 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 108,1% көрсетіп отыр. Биылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша, Қазақстанда жазғы дизель отынына бөлшек сауда бағасы 193 теңгені құрайды.

11 қараша жағдайы бойынша еліміздің ішкі нарығында жанар-жағармай қалдықтардың қоры: Аи-92 бензины – 185,2 мың тонна, дизель отыны – 133,1 мың тонна құрап отыр.

Дизель отынын жеткізу графигі бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 394 мың тонна, оның ішінде 8 қараша күніне – 366,5 мың тонна немесе 92,8% тиеп-жөнелтілді.

Тауарлық газ өндіру көлемі 27,12 млрд текше метрді құрап отыр. Бұл 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 98,6% көрсетіп отыр. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 11,8 млрд текше м құрап, 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3%-ға өсім көрсетті. Газ экспорты 15,3 млрд текше метр, немесе 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 91,1% құрап отыр.

Электр энергиясын өндіру 85,9 млрд кВт.сағ немесе 2018 жылдың ұқсас кезеңіне 98,1% құрады. Электр энергиясын өндіру секторында ағымдағы жылдың 10 айы ішінде қуаты 402 МВт болатын 14 жаңартылатын электр энергиясы объектісі іске қосылды. Жылдың соңына дейін қуаты 104,8 МВт жаңадан 4 жаңартылатын электр энергиясы объектісі іске қосылатын болады.

«ЖЭК электр энергиясын өндіру көлемі ағымдағы жылдың 10 айы ішінде 1,7 млрд кВт/сағ құрады, 2018 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 65%-ға өсім көрсетті. Электр энергиясын өндіру көлеміндегі ЖЭК үлесі 2%. Жалпы, республика бойынша 2018 жылмен салыстырғанда ЖЭК объектілерінің саны 2019 жылы 20 объектіге артты: 67-ден 87-ге дейін, ЖЭК объектілерінің жиынтық қуаты 1,9 есе артты: 2018 жылғы 537 МВт-тан 2019 жылы 1042 МВт-қа дейін», — деді бірінші вице-министр.

Уран өндіру көлемі шамамен 18,7 мың тоннаны құрап, 2018 жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 5%-ға немесе ағымдағы жылғы 10 ай жоспарына 0,8%-ға өсім көрсетті.